Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшысы Жанна Мамаджанова Роттердамдағы (Нидерланды) беделді жыл сайынғы марафонда мәреге үшінші болып жетті.
Ол 42 шақырым 195 метр қашықтықты 2 сағат 26 минут 54 секундта жүгіріп өтті. Жанна Мамаджанова осы нәтижемен Қазақстан рекордын жаңартып отыр. Бұған дейін бұл рекорд қазақстандық жеңіл атлет Зоя Ивановаға тиесілі болатын. Ол 1987 жылы 15 қарашада орнатылды.
Бұл жетістік спортшыға 2022 жылғы 15-24 шілде аралығында Орегонда (АҚШ) өтетін жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді.