Астанада елордалық бригаданың сарбаздары Отанға адал болуға ант берді

Астанада елордалық бригаданың сарбаздары Отанға адал болуға ант берді

Әскери ант қабылдау рәсімі «Отан қорғаушылар» мемориалының жанында өтті. Іс-шараға Құрлық әскерлері бас қолбасшылығының өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, Қарулы күштер ардагерлері, әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты.

Ант қабылдауға дейін жас сарбаздар бастапқы жас жауынгер курсын өтіп, саптық, тактикалық, атыс, дене және инженерлік дайындықтың негіздерін меңгерді.

– Салтанатты антта терең адамгершілік және рухани мән жатыр. Әскери ант – бұл әскери борышты адал орындау, жоғары жауапкершілік және алғашқы бұйрықпен-ақ Отанды қорғауға дайын болу, – деді 68665 әскери бөлімінің командирі полковник Абай Әлібеков.

Бұл шақыруда арнайы мақсаттағы бригадада Түркістан облысынан әскерге алынған Сүндетхан және Медетхан Жолдас есімді егіздер қызмет ететін болады.

– Біз өмірде әрдайым бірге жүрдік – мектепте де, спортта да, енді міне, армияда да. Бұл кезеңді де абыроймен және сенімді түрде өтеміз деп ойлаймын, – деді Сүндетхан Жолдас.

Рәсім барысында әскери қызметшілер қатысушыларға қоян-қолтық ұрыстың әдістері мен құрмет қарауыл ротасының көрсетілімін ұсынды. Іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды. Әсет Әлиханның армия жайлы өз әнін домбырамен орындауы шараға ерекше реңк берді.