«Батыс» өңірлік қолбасшылығы теңіз жаяу әскерлерінің бригадасында жас сарбаздарды жауынгерлік даярлау бойынша қарқынды сабақтар өтті.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасынан және теңіз жаяу әскерлері бригадасын көктемде толықтырғандар жауынгерлік оқудың маңызды кезеңінен – Калашников автоматынан алғашқы атыстарды орындау, кедергілер жолағын еңсеру, танк жүргізу сынынан өтті. Оқу-жаттығу барынша жауынгерлікке жақын жағдайда өтті. 600-ге жуық сарбаз жас жауынгер курсының негізгі элементтерін үйреніп, мұнда күш-қуат тұрғысынан төзімділік қана емес, психологиялық тұрақтылық та бағаланады.
Ең шиеленісті сәттердің бірі танктерді жүргізіп сынау болды – бұл арнайы жаттығуда танк орда жатқан жауынгердің үстінен өтеді. Бұл сынақ сарбаздың сауытты көліктен қорқынышын жеңуге үйретеді және ұрыс кезінде болуы ықтимал жағдайларға дайындайды. Жиын бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары капитан Рәтбек Қуатбековтың айтуынша, жаттығу мақсаттарына толық деңгейде қол жеткізілді.
– Біздің міндетіміз – сарбазға теориялық білім ғана емес, оны экстремалды жағдайда әрекет етуге үйрету, – деп түсіндірді ол. – Қарсыластың танктерімен күресудің іс жүзіндегі дағдылары, психологиялық тұрақтылық әдістерін пысықтау, мұның бәрі «өте жақсы» орындалды.
Даярлық бағдарламасына айтылғаннан басқа Калашников автоматынан ату, оқ борап тұрғанда қозғалыстарды пысықтау және тактикалық дайындық элементтерімен кедергілер жолағын еңсеру кірді. Бұл сабақтар теңіз жаяу әскерлерін қызметке бейімдеудің маңызды кезеңі болды.
Түркістан облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Мұхтархан Алмаған үш аптадан астам уақыт бойы әскери істің негіздерін үйреніп, қару-жарақты меңгеріп, тактикалық дайындықтың ережелерін зерделегенін айтты. Міне, әскерге жаңа келгендердің де атыс жүргізіп, танктермен сынақтан өткен күн келіп жетті.
– Теңіз жаяу әскерінде қызмет етемін, бұл мен үшін мақтаныш, – деді сарбаз. – Мен граната лақтырушы болғым келеді, бір жыл ішінде бізге әскерге де, өмірде де пайдалы болатын біраз нәрсені үйренеміз деп сенемін.
Алда теңіз жаяу әскерлерінің жауынгерлері әскери ант беріп, осы әскердің шабуылдау батальондарының құрамында борышын өтейді.