Қазақстандық бітімгерлердің жанұялары Халықаралық отбасы күнін қалай атап өтуде

Қазақстандық бітімгерлердің жанұялары Халықаралық отбасы күнін қалай атап өтуде

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Мереке отбасылық құндылықтардың маңыздылығын көрсетіп, жанұяның жылуын, сүйіспеншілігін және бірлігін білдіреді. 

Әскери қызметтің ерекшелігі сол, әрдайым отбасыларымен бірге бола бермейді. Бүгінгі таңда 139 әскери қызметші бітімгерлік контингентінің құрамында Голан жоталарында қызмет атқарып жүр. Олардың қатарында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарайтын елдегі жалғыз тау қорықшылары полкінің тоғыз жауынгері бар.

Бибігүл Оразқұл мен тау қорықшылары полкінің әскери қызметшісі, келісімшарт бойынша әскери қызметші ефрейтор Нұржігіт Сейсен екеуі отбасын құрған бес жылдан бері алғаш рет бір-бірінен алыста жүр. Дегенмен анасына ұлдары демеу. Бір шаңырақ астында тұратын жұбайының әке-шешесі де барынша қолдау көрсетіп келеді. Бибігүл балабақшада тәрбиеші боп жүргенде, атасы мен әжесі немерелеріне көмектеседі, ал кешке бүкіл отбасы бейнебайланыс арқылы телефонмен Нұржігітпен сөйлесу үшін жиналады. 

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы атындағы ауылда Алексей Стельмахтың отбасы тұрады. Алексей мен Анастасияның үш баласы бар. Балалардың күндегі әңгімесі әкесі жайлы. Байланысқа шығу мүмкіндігі болған кезде бәрі телефон маңына жиналады. Үлкен ұлы әкесіне спорттағы жетістіктері жайлы айтады, қызы мектептегі табыстары туралы мақтанышпен мәлімдесе, ал кішісі балабақшасын айта бастайды.

Тараздағы жоғары оқу орындарының бірінің оқытушысы Жансаяда да Голан жоталарында бітімгерлік миссиясын атқарып жүрген күйеуін жақсы көреді, аман-есен оралуын күтеді және мақтан тұтады. Бұл тау атқыштар ротасының аға механигі-жүргізушісі Ерғали Ерсаевтың жұбайы.

Қазақстандық бітімгерлердің отбасылары бір-бірін қолдаудың қаншалықты қажет екенін түсінеді, әсіресе алыста жүрген жақын жандарының атқаратын ісі абыройлы әрі елеулі екенін біледі.  Екі жақта өмір сүру уақытша болғанмен, бұл отбасының маңыздылығы мен құндылығын одан да жақсы түсінуге ықпал етеді.