9 мамырда ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи мұражайы елорда тұрғындары мен қала қонақтарына есігін айқара ашты.
Мұражай қызметкерлері келушілер үшін "Қазақ даласы – Жеңістің алтын бесігі" бағдарламасын дайындады. Көрме залдарының экспозицияларында соғыс қаһармандарының жеке заттары, құжаттар, фотосуреттер, бейнематериалдар, көркем шығармалар және Ұлы Отан соғысы кезіндегі басқа да жәдігерлер ұсынылды.
Әскери-тарихи мұражайдың гидтері келушілерге театрландырылған экскурсиялар, шебер-класстар, сондай-ақ заманауи әскери техника мен қару-жарақ көрмесін дайындады.
- Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту үшін біз әскери-патриоттық бағыттағы танымдық әртараптандырылған іс-шаралардың тұтас кешенін дайындадық. Мұражайға келушілерге жеңіс жолының қаншалықты ауыр болғанын және соғыс майдандарында қазақстандық жауынгерлердің қалай жанқиярлықпен күрескенін жеткізуге тырыстық,- деп атап өтті Әскери-тарихи мұражайдың бастығы майор Дәулет Қадыров.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі құрмет қарауылы ротасы әскери қызметшілерінің үйлесімді қозғалыстары көпшілікті таң қалдырды.
Жас қатысушылар үшін мұражай қызметкерлері "Бейбіт аспан астында" атты сурет сабағы мен зияткерлік викторинаны өткізді. Ал шытырман оқиғалы әуесқойлар танымдық квестке қатысты.
Іс-шара Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония мен "Жастар"театрының концерттік бағдарламасымен аяқталды.