Қасым Қайсенов кентіндегі Батырлар аллеясы қайта жаңғыртылды

Қасым Қайсенов кентіндегі Батырлар аллеясы қайта жаңғыртылды

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысындағы аты аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсенов кентінде жаңартылған Батырлар аллеясының салтанатты ашылуы өтті.

Аллея осыдан он жыл бұрын Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ашылған болатын. Биылғы мерейтойға орай алты ескерткіш жаңартылып, аты аңызға айналған партизан Қасым Қайсеновке арналған мурал жасалды.
Іс-шараға Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері белсенді қатысты.

– Мұндай іс-шаралар жастардың жауынгерлік рухын көтеруде маңызды рөл атқарады. Батырлар аллеясы – өткеннің көрінісі ғана емес, тарихымызға деген құрметтің белгісі, – деп атап өтті 27943 әскери бөлімінің командирі полковник Азамат Әбікенов.

Мерекеге Халық қаһарманы Қ. Қайсеновтың ұлы Болат Қайсеновтың қатысуы кент тұрғындары үшін маңызды оқиға болды.
– Бүгінгі күн біз үшін өте маңызды. Әкемнің туған жерінде мурал мен оның есімімен аталатын жаңартылған аллеяның ашылуына қатысу үлкен мәртебе. Бұл жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу сабағы, – деді Б. Қайсенов.
Салтанатты рәсімге қатысушылар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан есімі ел шежіресіне алтын әріптермен жазылған 9 Кеңес Одағының Батыры және 1 Халық қаһарманы шыққан. Олардың арасында аты аңызға айналған партизан-жазушы Қасым Қайсенов ерекше орын алады.