Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында ұйымдастырылған іс-шараға 300-ден аса жеткіншек қатысты.
Олардың қатарында бастапқы әскери және технологиялық даярлық пәндерінің және әскери кафедралардың оқытушылары, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері, «Әлияшылар» қозғалысының қатысушылары және еліміздің барлық өңірлерінен келген жоғары сынып оқушылары бар.
Ойынның ұйымдастырушысы – Amanat партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты бұл шараны Отан қорғаушы күніне және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырды.
Ойынның ашылу салтанатына Мәжіліс спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Парламент депутаттары, Қорғаныс министрлігінің, «Астана» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері мен қоғам өкілдері қатысты.
– Qaisar ойыны пайда болғаннан бері бес мыңнан аса ұл-қызды бір арнаға тоғыстырған нағыз батылдықтың, отансүйгіштіктің, жауапкершілік пен тәртіптің ордасына айналды. Аталған қасиеттердің бәрі әр адамға өмірдің кез-келген саласында қажет. Бұндай шара адамның мінезін шыңдап, алға қойған мақсаттарға жетуге жөн сілтейді, борыштың не екенін ұқтырады, – деді партия төрағасы Еран Қошанов.
Бұдан өзге ол мемлекет бүгінде қатысушыларға әскери қызметшілерді қолдауға және әскери қызметтің беделін көтеру мәселелеріне ерекше назар аударатынын да айта кетті.
– Мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін жастар ақысыз жоғары білім ала алады. Қазірдің өзінде 4500-ден аса жас осы мүмкіндікті пайдаланды, – деп нақтылай түсті Е. Қошанов.
Qaisar ойын бағдарламасында ату, автоматты бөлшектеп, құрастыру, әскерилендірілген эстафета, зерделі жарыс пен тактикалық тапсырмалар бар. Биыл бағдарламаға алғаш рет ұлттық спорт түрлері мен заманауи технологиялармен байланысты пәндер енгізілді.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай оқу-жаттығу орталығының аумағында ұйымдастырылған көрмені тамашалаған жастар қазақстандық жауынгерлердің соғыстағы ерлігін еске алды.