Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығымен бірлесіп «Айбын-2025» әскери-патриоттық жиынының іріктеу кезеңін өткізді.
Іс-шара Төлеби ауданының «Бәйшешек» жазғы сауықтыру лагерінің базасында өтті. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Қарулы күштер мен жергілікті қақтығыстарға қатысқан ардагерлер жас сарбаздықтарға сәттілік тіледі.
Жарысқа Түркістан облысының аудандары мен қалаларынан 17 команда құрамында 255 адам қатысты.
Жас патриоттар белтемірге тартылу (ұлдар), ішті қатайту (қыздар), әскерилендірілген кросс, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау, сондай-ақ жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию сияқты пәндерде жарысты.
– Болашақ Отан қорғаушыларды әскери қызметке тарту, олардың бойында патриотизм мен батырлық рухты қалыптастыру – біздің ортақ әрі басты міндетіміз. Қатысушылардың дайындық деңгейі өткен жылдарға қарағанда едәуір жоғары болғанын атап өткім келеді. Жарыс қорытындысы бойынша іріктелген он ұл мен бес қыз Ақтөбе облысында өтетін «Айбын» халықаралық жастар жиынында өңірдің атын лайықты таныстыратынына сенімдімін, – деп атап өтті «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Аружан Шекербек.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Кентау қаласының командасы, екінші орынды Сайрам ауданының құрамасы, үшінші орынды Арыс қаласы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.