Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің депутаттары Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде болды.
Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров сенаторларды медициналық көмек көрсету шарттарымен, материалдық-техникалық базасымен және медициналық мекеменің кадрлық қамтамасыз етілуімен таныстырды.
Кездесу барысында парламенттегілер сәулелік диагностика бөлімшелеріне, зертханалық бөлімшеге, операциялық блокқа, травматология, неврология, медициналық оңалту бөлімшелеріне және әскери госпиталдің қабылдау бөлімшесіне барды.
Бас әскери клиникалық госпиталдің бастығы медициналық қызмет полковнигі Арман Ескендіров сенаторларға медициналық мекеменің ағымдағы қызметі, мүмкіндіктері мен көрсетілетін қызметтері жайлы толық айтып берді.
Депутаттар стационарлық және амбулаториялық емдеу, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, диагностикалық қызметтердің жұмысы және пациенттердің тамақтануын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Комитет төрағасы Андрей Лукин қазіргі қызметтегі әскерилерге де, ардагерлерге де медициналық қызмет көрсетудің деңгейі жоғары болуының маңыздылығын атап өтіп, медициналық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және персоналдың біліктілігін арттыру қажет деді.
– Біз жабдықтардың жай-күйіне, әскери госпитальдің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне және жалпы, жергілікті жерлердегі әскери медицинаға көңіліміз толады. Олардың басты міндеті – сарбаздардан бастап офицерлерге дейінгі барлық әскери қызметшілердің денсаулығын, қауіпсіздігін және өмірін сақтау, – деп атап өтті А. Лукин.
Бұдан басқа сенаторлар гарнизондарда қызмет ететін әскери дәрігер кадрларды даярлау, әскери медициналық мекемелерді жарақтандыру жөніндегі жұмысты жалғастыру, шақыру комиссияларының жұмысы мен қызметі туралы мәселелерді талқылады.
Парламенттегілер әскери-медициналық қамтамасыз ету жүйесін нығайтуға бағытталған бағдарламаларды заң жүзінде қолдау және дамытумен қатар, өзекті мәселелерді шешуге жәрдемдесуді жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Сапарды қорытындылай келе, комитет төрағасы Андрей Лукин барлық әскери қызметшілер мен әскери дәрігерлерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен, келе жатқан Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.