Батыс Қазақстан және Атырау облысы әкімдіктерінің делегациясы Ақтау қаласындағы әскери бөлімге барды

Батыс Қазақстан және Атырау облысы әкімдіктерінің  делегациясы Ақтау қаласындағы әскери бөлімге барды

Әскери-теңіз базасына делегация мүшелері зымыран-артиллериялық кемелермен және матростардың қызмет жаңдайымен танысты. 

Тараптар жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу, әскери қызметті дәріптеу мәселелерін, сондай-ақ одан әрі өңіраралық өзара іс-қимылдың ықтимал бағыттарын талқылады.

–  Әскери-теңіз күштерінің кезекшілікте тұрған кемелерін көргенде мақтаныш сезімі пайда болды. Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз. Егер біз оны сақтап қалғымыз келсе, онда бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңіз шебі күзетінде тұрған жауынгерлерге қолдау көрсетуіміз керек, – деп атап өтті Батыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі Мақсат Мұқанов.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртаев әскери теңізшілерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және Отан қорғаушы күнімен құттықтады.

Сапар достық іскерлік атмосферада өтті. Қонақтар Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан шақырылған әскери қызметшілерге алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Делегация мүшелері жылы қабылдағаны үшін ризашылық білдіріп, әскери теңізшілердің кәсібилігін жоғары бағалады.

Айта кетейік, іс-шара "Орал" зымыран-артиллериялық кемесі мен облыс әкімдігі арасындағы екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру аясында өтті.