Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері облыстық сарбаздар әні фестивалінде Бас жүлде мен екі жүлделі орын олжалады

Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері облыстық сарбаздар әні фестивалінде Бас жүлде мен екі жүлделі орын олжалады

Қарағандыда Жеңіс күні мен Отан қорғаушысы күніне орай жыл сайынғы сарбаздар әні фестивалі өтті.

Іс-шараны Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырды. Оған Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінен он талантты мерзімді әскери қызметші қатысты.

Фестивальде Қорғаныс министрлігінің сарбаздары ерекше көзге түсіп, Бас жүлде, бірінші және үшінші орын еншіледі.

Фестивальдің Гран-приін 31775 әскери бөлімінен ефрейтор Арман Данагұл жеңіп алды. Ол «Поклонимся великим тем годам» әнін орындап, көрермендерге сол сұрапыл жылдарды көз алдына елестетті. Бұл туынды көрермендердің көзіне жас үйіртіп, қазылар алқасының жүрегіне жетті.

– Мен үшін бұл ән соғысып, бейбітшілік орнатқан ата-бабаларымыздың үні іспеттес. Мен бабалар алдында, көрермендер алдында және ел алдында сондай жауапкершілікті сезіндім. Өзімді және Отанымды тек сапта тұрып қана емес, сахнада да көрсетіп жүргенімді мақтан етемін, – деді А. Данағұл марапаттаудан кейін.

Қазылар алқасы бірінші орынға «Батырлар ұраны» патриоттық әнін орындаған 85510 әскери бөлімінің сарбазы Диас Өтесті лайық деп таныды. Оның күркіреген үнінде Отанды қорғауға дайын заманауи қорғаушының күш-қуаты бұрынғы батырларымыздан берілгендей сезілді.

Аңызға айналған «Жеңіс күні» әні өткен буынның ерлігін, соғыс құрбандарына тағзым ету мен бейбітшіліктің қуанышын қайта еске салды. Бұл әнді үшінші орын алған 31775 әскери бөлімінің кіші сержанты Мейірлан Хамза орындады.

Фестиваль шығармашылық арқылы патриоттық құндылықтарды сақтап, бүгінге жеткізудің қаншалықты маңызды екенін айқындады. Сарбаздар болса, тек жауынгер ғана емес, ұлттың мәдениеті, тарихы мен рухын дәріптеушілер екенін көрсетті.