Талдықорғанда әскери авиацияның ұшу жаттығулары өтіп жатыр

Талдықорғанда әскери авиацияның ұшу жаттығулары өтіп жатыр

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа қатысатын Талдықорған мен Шымкент қалаларының әскери ұшқыштары екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Сергей Луганский атындағы 604-ші авиация базасында күн сайын дайындықтарын шыңдауда.

Көп мақсатты Су-30СМ жойғышында экипаждардың ұшуы, қонуы және жоғары пилотаж элементтерін орындауы пысықталады, бұл іс-қимыл барынша дәл және үйлесімді әрекетті қажет етеді. Бұдан басқа Су-30СМ жойғышының ТУ-154М ұшағымен әуеде ілесіп ұшуы да пысықталуда.

   – Жеңіс шеруіне Талдықорған мен Шымкенттен 12 ұшақ, 24 ұшқыш және инженерлік-техникалық құрамның 150-ге жуық маманы қатысады. Әуе шоуына қатысу үшін қатаң іріктеуден және арнайы дайындықтан өткен кіл мықты ұшқыштар таңдалды, – деді 21751 әскери бөлімінің командирі полковник Әбдімәжит Жанахметов

 Авиациялық база басшылығының мәліметі бойынша дайындық бекітілген жоспарға сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуда. Жаттығу барысында ұшу бағдарламасының барлық элементтері мұқият пысықталады.

Көк қырандарының күш-жігері әуе күштерінің әлеуетін, ұшқыштардың техникалық шеберлігі мен жоғары кәсібилігін көрсетуге бағытталған.