Алматыда ТМД-ға мүше елдердің Әуе қорғанысы жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды

Алматыда ТМД-ға мүше елдердің Әуе қорғанысы жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды

Армия үйінде Достастықтың Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс мәселелері жөніндегі үйлестіру комитетінің 60-шы жұмыс отырысы өтті.

Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан Қарулы Күштерінің әуе-ғарыштық, әскери-әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшылары (бас қолбасшылары), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының жарғылық органдары мен қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушыларға Қорғаныс министрінің орынбасары – Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов сөз сөйледі.

– Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді пайдалану қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың ажырамас элементіне айналды, сондықтан біз бір қадам алда болуымыз керек. Бұл біздің елдердің күш-қуатын үйлестірумен қатар, электронды зақымдау құралдарын анықтап, оларды үнемі жаңартып отыруды талап етеді, – деді ол.

Отырыста Достастықтың біріккен әуе қорғанысы жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері және одан әрі өзара іс-қимылдың перспективалары да қаралды. Одан бөлек, биыл тамыз – қыркүйек айларына «Сарышаған» полигонында жоспарланған «Жауынгерлік достастық-2025» бірлескен оқу-жаттығуын өткізу тәртібі мен идеясы талқыланды.

Іс-шаралар шеңберінде 97617 және 78639 әскери бөлімдерінің базасында ТМД елдерінің әуе-ғарыштық, әскери-әуе күштері және әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшыларының қатысуымен оқу-әдістемелік жиын өтті. Сол жиында қарсыластың диверсиялық-барлау топтарының қарсы іс-қимылы кезіндегі С-300ПС зениттік зымыран дивизионының позициясын өзгерту шаралары пысықталды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері командалық пунктінің кезекші ауысымы жауынгерлік міндеттерді ойдағыдай орындап шықты.    

Достастық елдерінің өкілдері 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, Армия үйіндегі Әскери-тарихи музейдің филиалына барды. Шетелдік қонақтар бұдан басқа, «Гранит» арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы» ЖШС қызметімен танысты.

Өткен іс-шара ТМД ӘШҚҚ біріккен жүйесін құрудың 30 жылдық мерейтойы аясында ерекше маңызға ие. Үйлестіру комитетінің отырысы мен оқу-әдістемелік жиын Достастыққа мүше мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға деген ұмтылысын көрсетті, бұл өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы.