Алматыда Жеңістің 80 жылдығына орай «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы медицина қызметкерлерінің ерлігі» атты IV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Дәстүр бойынша оған қатысқандар 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіз тұрып еске алды. Батырларға құрмет көрсете отырып, үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан-Ресей медициналық университеті әскери кафедрасының студенттері Даңқ Мемориалының жанындағы алаңда салтанатты маршпен адымдап өтті.
Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов, Қарулы күштердің ардагерлері запастағы генерал-майорлар Владимир Тузиков, Айтқали Есенғұлов және «Әскери медицина ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы медицина қызметінің полковнигі Найман Оқапов шақырылды.
ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығының басшысы полковник Тимур Ошақбаев баяндама жасады.
– Әскери дәрігерлердің ерлігі алдыңғы шепте ғана емес, тылдағы, эвакуациялық госпитальдар мен зертханалардағы қажырлы еңбектерінен көрінді. Олардың еңбегі миллиондаған адамның өмірін аман алып қалды, – деп атап өтті Т. Ошақбаев.
Халықаралық конференция қорғаныс, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдерін, оқу орындарының оқытушыларын, жас ғалымдар мен студенттерді, соның ішінде шетелдік студенттерді жинады. Оның жұмысына Новосибирск мемлекеттік медицина университетінің ректоры, профессор Игорь Маринкин және Мәскеу облысының «Баланы ғылыми-зерттеу клиникалық институты» денсаулық сақтау мекемесінің директоры Нисо Одинаева қатысты.
Іс-шара батырларды еске алып, ұмытпау үшін ғана емес, әскери дәрігерлердің ерлігі қазіргі заманғы адамгершілік мамандық өкілдерінің және болашақ медицина мамандарын жігерлендірудің үлгісі ретінде өткізілді.