Қазақстан мен Әзербайжанның авиация қызметтері шұғыл ұшуларды үйлестіру мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Әзербайжанның авиация қызметтері шұғыл ұшуларды үйлестіру мәселелерін талқылады

Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас басқару пунктінің бастығы полковник Сапарғали Төлегенов жетекшілік еткен әскери делегация Бакуде Әзербайжанның қорғаныс ведомствосына барды.

Қабылдаушы тараптың Әскери-әуе күштерінің штабында шұғыл ұшуларды орындау кезінде бірлескен іс-әрекетті қамтамасыз ету және үйлестіру мәселелері бойынша келіссөздер өтті.

Ұшулар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты түрлі аспектілерді ескере отырып, іс-шараға Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің, Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттіктің, Сыртқы барлау қызметінің, «Азераэронавигация» әуе қозғалысын басқару басқармасының және «Әзербайжан әуе жолдары» АҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында іздестіру-құтқару, апаттық-құтқару жұмыстары және басқа да шараларды орындау кезінде шұғыл ұшуларды ұйымдастыру мен жүзеге асыруға байланысты бірқатар өзекті мәселелерге қатысты жан-жақты пікір алмасу болды.