Қорғаныс министрінің орынбасары "Айбын" халықаралық жастар жиынына дайындықты тексерді

Қорғаныс министрінің орынбасары "Айбын" халықаралық жастар жиынына дайындықты тексерді

Ақтөбе облысында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев аймақ басшылығымен келіссөздер жүргізіп, әскери нысандарды аралады.

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовпен кездесуде ол "Айбын-2025" XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындықтың тиісті деңгейін қамтамасыз ету бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл және күш-жігерді үйлестіру мәселелерін талқылады.

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған іс-шара Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының базасында өтеді.  

Осыған байланысты әскери институттың "Хлебодаровка"  әуеайлағында генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев жиынға қатысушылар, ұйымдастырушылар мен қонақтар үшін лагерь салу және оны жабдықтау жоспарымен танысты.

Қазіргі уақытта мұнда казарма, асхана және спорт алаңдары салынуда, онда облыстық жарыстардың финалистері мен басқа елдердің командаларының жарыстары өтеді.

Ұйымдастыру-техникалық іс-шаралармен танысқан министрдің орынбасары жұмыстарды жүргізу сапасы, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтау бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.