ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде "Мемлекеттің күштік құрылымдарындағы байланысты ұйымдастыру: теория мен тәжірибе мәселелері" тақырыбында ведомствоаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараға байланыс саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандар, күштік ведомстволар мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері жиналды.
– Қазіргі жағдайда тиімді байланыс жүйесі басқару құралына ғана емес, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің стратегиялық факторына айналды. Алдыңғы қатарлы шешімдер мен тексерілген стратегияны біріктіруге негізделген кешенді тәсіл ғана байланыс жүйелерінің үздіксіз, әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Конференцияда күштік құрылымдардың байланыс жүйелеріне инновациялық технологияларды енгізу, байланыс арналарында ақпараттың қауіпсіздігі мен қорғалуын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар әскери және мемлекеттік байланыс жүйелерінің жұмыс істеуінің теориялық және практикалық аспектілері бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Тәжірибе алмасуға және жылдам өзгеретін технологиялар мен туындайтын қауіптер жағдайында қолданыстағы байланыс жүйелерінің жұмысын оңтайландыру үшін шешімдер іздеуге ерекше назар аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша байланыс жүйесін тиімдірек, қорғалған және болашақтың сын-тегеуріндеріне бейімдеуге мүмкіндік беретін стратегияны әзірлеу қажеттігі туралы мәлімдеме жасалды.