ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде Ұлы Отан соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткен қызыл әскердің туыстарына жеке заттарын табыстау рәсімі өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев, Удмурт Республикасының делегациясы, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің өкілдері, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері және сарбаздың туыстары қатысты.
Ленинград облысының Тосненск ауданындағы экспедиция барысында удмуртиялық «Долг» қоғамдық ұйымының іздеушілері қаза тапқан сарбаздың сүйектері мен жеке заттарын тапты. Олар медальонның Омбы облысы Қират ауылының тумасы 1943 жылы желтоқсанда хабар-ошарсыз кеткен 1907 жылы туған Төкен Мендішевке тиесілі екенін анықтады.
– Біз Қазақстанға қатардағы сарбаз Төкен Меңдішевтің және сұрапыл соғыс жылдарында шайқасқан барлық қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсетіп, тағзым ету үшін келдік. Табылған медальон сол кезеңнен естелік және кешегі мен бүгінгі буынның сабақтастығының символы, – деп атап өтті Ресей Федерациясы Удмурт Республикасы үкіметі төрағасының орынбасары Наталья Тойкина.
2024 жылдың 10 мамырында қызыл әскер Төкен Меңдішевтің және тағы 194 жауынгердің сүйегі Ленинград облысы Тосненск ауданы Чудская бор ауылының жанындағы мемориалдық зиратта бауырластар қабіріне жерленді. Сарбаз қаза тапқан жерге ескерткіш белгі орнатылды.
Төкен Меңдішевтің келіні Айсұлу Меңдішеваның айтуынша, атасы Төкен туған інісі Қайыргелдімен майданға бірге аттанған. Соғыста жараланып елге оралған Қайыргелді өмір бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарынан Төкенді табамын деген үмітпен өтті. Өкінішке орай, қаза тапқан жауынгердің артында ұрпақ қалмады.
Сарбаздың барлық табылған заттарын: патрондарға арналған сөмке, қасық, сіріңке, ұстара, түймелер, ілмек, жұлдызша, СВТ мылтығының кілті, медальон және капсулалы бланкіні Меңдішевтер отбасы ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейіне тапсырды.