Әскери теңізшілер Жеңіс парадына дайындалуда

Әскери теңізшілер Жеңіс парадына дайындалуда

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге Ақтау гарнизонынан 150-ге жуық теңізші қатысады.

Әскери теңізшілер елордада өтетін салтанатты шараға дайындығы қарқынды жүріп жатыр. Әртекті кемелер дивизионының жеке құрамынан 30-ға жуық теңізші, десантты-шабуылдаушы батальонынан 40 теңіз жаяу әскері, гидрографиялық қамтамасыз ету қызметінің 25 жауынгері және әскери-теңіз базасы басқармасының 30 әскери қызметшісі қатысады.

Олар қазір әскери-теңіз базасы мен әскери пирсте саптық дайындық элементтерін жетілдіруге жаттығып жатыр.

– Бүгін біз саптық байқау өткіземіз. Содан кейін жеке құрамның күшейтілген дайындығы жалғасады. Көп ұзамай парадқа қатысатын әскери қызметшілер елордаға жол жүреді, – деп атап өтті әскери-теңіз базасының командирі полковник Есенғали Байботаев.

Дайындық әскери қызметшілерден қатаң тәртіп пен ұйымшылдықты талап етеді. Өйткені әр элемент жетілдірілуі керек. Теңізшілердің жаттығуы елордада Әскери-теңіз күштерінің сап дайындығын лайықты паш ете аларлық нақты жоспарға сәйкес ұйымдастырылған.