Қорғаныс министрінің Жаңа жылмен құттықтауы

Қорғаныс министрінің Жаңа жылмен құттықтауы

Құрметті сарбаздар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар!
Қадірлі отандастар!

Сіздерді келе жатқан Жаңа 2025 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Өткен жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі басты міндеттерді атап өтті.
Біз экономикада жаңа биіктерге жеттік, халықаралық аренадағы позициямызды нығайтып, күшті әрі гүлденген мемлекет құруды жалғастырдық. Ең бастысы, біз ұлт ретінде бірлікті, бір-бірімізді құрметтеуді және әрбір азаматтың өмірін жақсартуға ұмтылып, алға жылжыдық.
Біз әрбір адам өзін сенімді сезінетін, жеке және кәсіби өсу үшін барлық жағдайлар жасалатын, сондай-ақ адамға қамқорлық басты басымдық болып қалатын Қазақстанды құруға бел буған болашаққа сеніммен қараймыз.
Өткен жыл Қарулы күштер үшін жауапкершілікке, қиын сынақтарға және үлкен жетістіктерге толы болды. Біздің әскери қызметшілер жауынгерлік кезекшілік атқарып, түрлі оқу-жаттығуларға, авиацияның ұшуларына қатысты. Олар көктемгі су тасқыны салдарын жоюға тартылды. Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында және БҰҰ-ның басқа да миссияларында міндеттерін сәтті орындауда.
Осы салтанатты сәтте барлық әскери қызметшілерге және олардың отбасыларына, сондай-ақ Қарулы күштердің азаматтық персоналына қызметке адалдығы үшін, бастан өткерген кез келген қиындыққа шыдамдылығы мен төзімділігі үшін алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлестеріңіз – болашағымыздың негізі.
Алдағы жыл Қазақстанның барлық азаматтары үшін бірліктің, күш-жігер мен амандықтың жылы болсын. Қарулы күштеріміздің әлеуеті артып, күн сайын жаңа жетістіктерге жете берсін!
Жаңа жыл құтты болсын, құрметті әскери қызметшілер, бітімгерлер және отандастар! Баршаңызға зор денсаулық, амандық және ашық аспан тілеймін!