
Жиырма үшінші желтоқсанда Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Шипилев ғасырлық белестен асты.
Алматы қаласы Алмалы ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері қарияны жаңа жасымен құттықтап барды.
Василий Фомич 1923 жылы 23 желтоқсанда Алтай өлкесінің Карпово ауылында дүниеге келген. Кіші авиация мамандары мектебін бітіріп, әуе атқышы және радио операторы кәсібін меңгерген.
Майдангердің жауынгерлік жолы 1944 жылы сәуірде Жеке Теңіз армиясының барлау полкінен басталды. Одан әрі ол III Беларусь майданындағы қабылдау радио торабының бастығы болып тағайындалды.
Василий Фомичтің жауынгерлік еңбегі І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да мерейтойлық наградалармен атап өтілген.
Василий Шипилев 1950 жылы қаңтарда запасқа шығарылды. Бейбіт уақытта Алматы ұн тарту-жарма комбинатында элеваторшы болып жұмыс істеді.
Осындай төл мерекесінде Василий Фомичке Алмалы ауданының ҚІБ әскери қызметшілері мен Қарулы Күштер ардагерлер кеңесінің өкілдері келіп, құттықтау хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Олар соғыс сынынан өткен жауынгерге батылдығы үшін алғыс айтып, зор денсаулық пен ашық аспан тіледі.
Сұрапыл соғысты еске алу қанша ауыр болса да, майдангер өмірге деген құштарлығы мен ертеңгі күнге сенімін жоғалтқан емес. Ардагер әскери қызметшілерге ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, қызметте сәттілік тіледі.