Қарулы күштердің әскери теңізшілері ашық теңізге шығып кеткен адамдарды құтқарды

Қарулы күштердің әскери теңізшілері ашық  теңізге шығып кеткен адамдарды құтқарды

Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері Каспий теңізінде жағалаудан алысқа ұзап кеткен екі адамды құтқарып қалды.

«Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің экипажына жедел кезекшіден сапборд мінген екі адамды теңіз толқыны ашық теңізге алып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Бұл кезде Әскери-теңіз күштерінің кемесі жауынгерлік дайындық ауданында болатын. Экипаж «Кеменің жүзуі. Жалғыз кемемен ұрыс қимылын жүргізу» курстық тапсырмаларын орындап жүрген.

 «Маңғыстау» кемесінің командирі капитан-лейтенант Нұрбек Талғат дабыл алғаннан кейін гидрометеорологиялық жағдайды ескере отырып, тез арада есеп жүргізді. Көп ұзамай кеме экипажына іздеу-құтқару жұмыстарын бастау туралы бұйрық берілді.

Әскери теңізшілер ашық теңізге шығып кеткен адамдарды дабыл алған сәттен 4 сағат өткен соң жағадан 5-6 миль (шамамен 10 шақырымдай) жерден, «Жартасты» мүйіс аймағынан тапты.

 – Радиолокациялық станцияның көмегімен теңіз секторын зерттеген әскери байланыс және радиотехникалық қызмет командасының старшинасы аға матрос Әзімхан Әмірханов сергектік пен жоғары жауынгерлік дағдыларын көрсетті, – деп түсіндірді кеме командирі. 

Сапборд мінген жас жігіттерде екі адамға бір ескек қана болғаны анықталды. Теңізшілер оларды кемеге көтеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Құтқарылған азаматтар шұғыл түрде Ақтау портына жеткізілді.