Қазақстан Қорғаныс министрі ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысын қорытындылады

Қазақстан Қорғаныс министрі ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысын қорытындылады

Алматыда генерал-полковник Руслан Жақсылықов БАҚ өкілдеріне ұйымның консультативтік және атқарушы органының әскери саясат, әскери құрылыс және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелері жөніндегі жұмысының нәтижелерін жеткізді.

Қазақстан Қорғаныс министрі тараптардың әскери-саяси ахуал мониторингінің нәтижелері, бірлескен шараларды әзірлеу үшін оның даму үрдістері бойынша тұрақты ақпарат алмасуды жалғастыру туралы шешімі туралы хабарлады.

– Отырыс қорытындысы бойынша оқу-жаттығуларды дайындау мен өткізуге, ұжымдық күштерді жарақтандыруға, Біріккен штабтың қызметіне, 2025 жылы бірлескен дайындық іс-шараларына және оларды қаржыландыру мәселелеріне қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылды, – деп түйіндеді ол.

Қорғаныс министрлері кеңесінің келесі отырысы ағымдағы жылдың қараша айында Астанада Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясы қарсаңында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, іс-шара Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етуі аясында өтті.