Алматыда бокстан Сағадат Нұрмағамбетовтің жүз жылдығына арналған халықаралық турнир басталды

Алматыда бокстан Сағадат Нұрмағамбетовтің жүз жылдығына арналған халықаралық турнир басталды

ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының базасында Кеңес Одағының Батыры, № 1 Халық қаһарманы Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.

Турнир басталар алдында оның ұйымдастырушылары, спортшылар мен курсанттар Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтындағы даңқты батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Турнирдің салтанатты ашылуына Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов, КСРО-ның екі дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы Кәрімжан Әбдірахманов және Батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова қатысты.

– Атақты батырдың құрметіне арналған дәстүрлі турнир биыл 27-ші рет өткізіліп отыр. Сағадат Қожахметұлы еліміз Қарулы күштерінің бастауында тұрған тұлға. Ол өз өмірін туған Отанына қызмет етуге арнады. Біз үшін ол қаһармандықтың, жанқиярлық пен әскери борышқа адалдықтың үлгісі, – деп атап өтті полковник Арман Әбеуов.

Айта кетейік, жарысқа Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан келген 21 команданың құрамындағы 150-ге жуық спортшы қатысады.

– Бұл күндері болып жатқан іс-шаралардың бәрін майданда қан төккен ардагерлер мен Жеңісті жақындату жолында тылда тер төккен жандардың барлығына құрмет деп білемін. Әкем өз елінің нағыз патриоты болды. Ол үшін Отанға пайдасын тигізу үлкен бақыт болатын. Жас тәуелсіз мемлекетті қорғауға қабілетті Қазақстан әскерін құруға ол аса үлкен жауапкершілікпен келді, – деді Батырдың қызы Айсұлу Сағадатқызы.

Ол өзінің отбасының атынан әкесінің құрметі мен аға буынның ерлігін ұлықтау үшін жасалып жатқан іс-шараларға ризашылығын білдірді.

Былғары қолғап шеберлерінің турнирі төрт күнге созылып, 25 мамырда аяқталады.