Алматыда мектеп және колледж оқушылары арасында X саптық ән байқауы өтті

Алматыда мектеп және колледж оқушылары арасында X саптық ән байқауы өтті

Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 79 жылдығына орайластырылған іс-шара Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің базасында өтті.

Оған 400-ден астам оқушы тартылды. Іс-шараға Алматы қаласы Түрксіб ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы мен 61993 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері, Офицерлер одағының өкілдері, оқу орындарының бастапқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары қатысты.

Дәстүрлі іс-шарада еліміздің Әнұраны орындалып, ортаға «Айбын» туы шығарылды. Содан соң командалар саптық әндерді орындап, салтанатты сап түзеп жүріп өтті.

– Саптық ән байқауын Алматыда он жыл бойы өткізіп келеміз. Бұл  оқушылардың бойында әскерде пайдалы болатын қасиеттер мен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Жалпы, бұл іс-шара патриотизмді, достық сезімін дамытуға және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы подполковник Талғат Өзехан.

Байқауды бағалау кезінде қазылар алқасы салтанатты киім нысанын, шеврон мен мектеп байрағының болуын, саптық қадамның нақтылығын, ән мен дефиленің орындалуын ескерді.

Мектептер мен колледж оқушыларының 7-11 сыныптары арасында бірінші орынды № 78 мектеп-гимназия, екінші орынды № 170, үшінші орынды № 137 жалпы білім беретін мектептердің командалары иеленді.

5-6 сыныптар арасында №78 мектеп-гимназиясы бірінші, №102 жалпы білім беретін мектеп оқушылары екінші, № 95 жалпы білім беретін мектептің құрамасы үшінші орынды иеленді.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен және грамоталармен марапатталды.