Қарулы күштердің жеке құрамы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанына қатысуда

Қарулы күштердің жеке құрамы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанына қатысуда

Әскери қызметшілер, азаматтық персонал, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, ұландар және әскери колледж курсанттары Қарулы күштер ардагерлерімен бірге экологиялық акцияларды өткізіп жатыр. Атап айтқанда Отан қорғаушылар аумақтарды тазалап, абаттандырып, көгалдандырумен айналысуда.

Қорғаныс министрлігінің Орталық аппараты мен Қарулы күштердің Бас штабы елорда әкімдігінің жалпықалалық сенбілік өткізу туралы бастамасын қолдады. Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен қызметкерлері саябақ аймақтары мен үй маңындағы аумақтарды тазалауға толық құраммен шықты. 

Алматы қаласының ірі саябақтарының бірінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының күзет ротасының курсанттары мен сарбаздары 70-тен астам көшет отырғызды. Көктем басталғалы әскери білім ордасының жеке құрамы 300-ге жуық қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызды. 

Рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары 2-сыныпты сержант Ілияс Нүсіповтың айтуынша, мұндай шаралар ұжымның ынтымағын дамытып, жастардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауын қалыптастырады.  

– Әрбір отырғызылған көшет табиғатқа қамқорлық пен жауапкершіліктің белгісі. Осындай үлгі көрсету арқылы қазақстандықтарды экологиялық акцияларға қатысуға үндейміз. Бұл біздің болашаққа қосқан үлесіміз, – деп атап өтті РЭБӘИИ күзет ротасының мерзімді қызмет қатардағы жауынгері Сағадат Алдажар.                         

Абай гарнизонының әскери қызметшілері «Семей орманы – менің орманым» акциясын қолдады. Іс-шараға 600 адам қатысты. Олардың елуден астамы – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 30217 және 28738 әскери бөлімдерінің сарбаздары.  

– Осы акцияны қуана қолдадым. Еліміз жылдан жылға өркендеп, жасыл елге айналсын. Ағаштарды неғұрлым көп отырғызсақ, ауа соғұрлым таза болады, – деді қатардағы жауынгер Жандәулет Жәлелов.  

Бұл күні «Семей орманы – менің орманым» акциясына қатысушылар 23 мыңнан астам қарағай көшетін отырғызды.