Әскери қызметшілер Ақмола облысы Заречный ауылында әлеуметтік нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етті

Әскери қызметшілер Ақмола облысы Заречный ауылында әлеуметтік нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етті

68665 әскери бөлімі мен Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштері бас басқармасының жеке құрамы су тасқыны салдарынан қиындыққа тап болған ауыл тұрғындарына көмектесті. 

Олардың басты міндеттерінің бірі электр энергиясымен қамтамасыз ету болды. Дизель және бензин генераторларының көмегімен жарықсыз қалған ауылдарға жарық берілді.

– Жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін барлық күшімізді жұмылдырдық. Зардап шеккендердің тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштері бас басқармасы материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының командирі капитан Нұрболат Исаев.

Әскерилердің қатысуымен Есіл ауданының, Заречный ауылы және Жарқайың ауданының Далабай, Тасөткел және Тассуат елді мекендерінің тұрғын үй-жайлары, медициналық, әлеуметтік және білім беру мекемелері жарықпен қамтамасыз етілді.

Әскери қызметшілер бұған қоса ауылдарға гуманитарлық көмек жіберді. Ал Әуе қорғанысы күштерінің бас басқармасы Заречное ауылында дала асханасын құрып, су тасқынынан зардап шеккен адамдарға ыстық тамақ беруді ұйымдастырды.