Ұлттық қорғаныс университетінде ғарышкерге құрмет көрсетілді

Ұлттық қорғаныс университетінде ғарышкерге құрмет көрсетілді

Астанада әскери жоғары оқу орнының оқытушылары мен магистранттары белгілі ғарышкер, Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Айдын Айымбетовпен кездесті. 

Іс-шараға, сондай-ақ, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. 

Кездесу Ғарышкерлер күніне орайластырылып отыр. Адамзат игілігі үшін ғарыш кеңістігін зерттеуге жол ашқан тарихи оқиға 1961 жылы 12 сәуірде жүзеге асып, ғарышқа алғашқы болып Юрий Гагарин көтерілді. Бұл күні Қазақстанда ғылым қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтетінін айта кету керек. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков құттықтау сөз сөйлеп, зерттеуші ғарышкерлердің ғылымды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

Ғарышқа ұшу кезінде Айдын Айымбетовтің «ураган» және «релаксация» атты физика-ғарыштық эксперименттерді жүзеге асырғаны белгілі. Онда радиацияның ғарыштағы адамға әсері де зерттелді. Сонымен қатар ол Арал, Каспий теңіздерінің экологиясының жай-күйіне ғарыштық мониторинг жүргізді.

Кездесу барысында Айдын Айымбетов ғарышқа ұшу кезіндегі естеліктерімен бөлісіп, алдағы жоспарларын айтып, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.