Ақтөбе облысында Ойыл өзеніндегі өткел арқылы әскерилер 150 адамды эвакуациялады

Ақтөбе облысында Ойыл өзеніндегі өткел арқылы әскерилер 150 адамды эвакуациялады

6 сәуірде Қонаев гарнизонынан Батыс аймаққа Қарулы күштердің инженерлік техникасы теміржол құрамымен су басқан аймақта уақытша байланыс ұйымдастыруға жеткізілді.

Аталған өткелдің арқасында 58012 әскери бөлімінің әскери қызметшілері 150 адамды эвакуациялап, 3 тонна жүк тасымалдады. Понтон көпірінің құрылысы 60 тонна жүкті тасымалдай алады.

Ел Президентінің – Қарулы күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының нұсқауына сәйкес Қорғаныс министрлігі халыққа көмек көрсету үшін "Батыс" өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінен қосымша 300 әскери қызметшіні жіберді.

Атырау облысында Құлсары қаласынан 30 шақырым жерде Жем өзенінен өту үшін "Батыс" өңірлік қолбасшылығынан құрамында 7 әскери қызметші бар саперлер командасы мұзды жарды.

41433 және 99116 әскери бөлімдерінің әскерилері Ойыл өзенінде, сондай-ақ Құлсары қаласында және Индер ауданының Қарабау ауылында су басу қаупі басым жерлердің жағалауын күшейту шараларын іске асырды.

Еліміздің үш өңірінде апаттан құтқару шараларына аумақтық қорғаныс бригадаларының жеке құрамы тартылды. Қостанай қаласында 99260 әскери бөлімінің 129 әскери қызметшісі Тобыл өзенінің жағалауын күшейтуге атсалысты. Петропавл қаласында 99275 әскери бөлімі жеке құрамының 30 адамы су арнасы ауданында осындай жұмыстар жүргізді. Батыс Қазақстан облысында Орал қаласынан бес шақырым жердегі Меловые горки ауылында 99250 әскери бөлімінің 52 жауынгері құм салынған қаптар дайындады.

Ақтөбе қаласында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 167 адамнан құралған жеке құрамы Қарғалы өзенінің арнасын нығайту жұмыстарына жұмылдырылды.

Өткен тәулікте су тасқынына қарсы шараларға 884 әскери қызметші, 46 бірлік көлік, 4 тікұшақ және ұшақ жұмылдырылды. Әскери қызметшілер құм салынған 25 000 қап дайындап, төседі. Жергілікті билік, құтқарушылар және халық арасынан 74 адамды, оның ішінде эвакуацияланған 5  адамды тасымалдауға Әуе қорғанысы күштерінің ұшқыштары көмек көрсетті.

27 наурыз бен 6 сәуір аралығында барлығы 2 128 әскери қызметші, 105 бірлік автотехника, 15 тікұшақ және 4 әскери-көлік ұшағы жұмылдырылды. Су басқан аймақтарда Қостанай, Абай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 2 127 адам, оның ішінде 625 бала эвакуацияланды. 80 тоннаға жуық жүк тасымалданды. 79 мыңнан астам құм салынған қап дайындалып, төселді, 1 700 метрден астам ағын су кәрізі тазартылды.

Жұмыстар ТЖ жою жөніндегі республикалық және облыстық жедел штабтармен бірге жүргізіліп жатыр.