Қарулы күштердің әскери қызметшілері ынтымақ күнін атап өтті

Қарулы күштердің әскери қызметшілері ынтымақ  күнін атап өтті

Наурыз мейрамы аясында барлық гарнизондарда, әскери бөлімдер мен мекемелерде "Ынтымақ күніне" арналған  шаралар өтті.

Елорданың "Ататүрік" саябағында алтыбақан, сахна орнатылып, жарыс алаңдары жабдықталды.

Қатар тігілген мерекелік киіз үйлерде қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татты.

ҚР Қорғаныс министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырған іс-шараларға Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, олардың отбасы мүшелері, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.

– Наурызнамның онкүндігінде біз бүгін ынтымақ күнін атап өтудеміз. Ынтымақ – басты құндылығымыз, еліміздің табысты дамуының кепілі, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы Арман Асенов.

Көктем мен жаңару мерекесі әрқашан күштік, ептілік, машық пен тапқырлық жарыстарымен қатар жүреді. Дәстүр бойынша алаңдарда қазақша күрес, қол күресі, арқан тарту, асық ату, гір тасын көтеру бойынша жарыстар өтті.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери қызметшілері шара барысында балаларға сұрақ-жауап өткізді. Балалар Наурыз мерекесіне, спорттық ойындар мен ұлттық тағамдарға қатысты сұрақтарға жарыса жауап берді.

Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы мен қазақстандық эстрада жұлдыздары орындаған музыкалық әуендер көпшілікке мерекелік қуаныш, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.