Қорғаныс министрі Қонаев, Жетіген және Алматы гарнизондарына жұмыс сапарымен барды

Қорғаныс министрі Қонаев, Жетіген және Алматы гарнизондарына жұмыс сапарымен барды

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов өңірде әскери инфрақұрылым нысандарын және алдағы оқу-жаттығуларға дайындық барысын тексерді. 

Қонаев гарнизонының «Жағалау» полигонында Қорғаныс министрі Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының баяндамасын тыңдады. Генерал-майор Алмаз Жұмакеев ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық-2024» Ұжымдық бітімгерлік күштерімен өтетін оқу-жаттығуға дайындық туралы баяндады. 

Армия авиациясының тікұшағымен генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Шошқалы» полигонын айналып ұшып өтті. 

Министр  65229 әскери бөліміне барып, онда әскери нысандарды аралап, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің авиациялық техникасы мен қару-жарағын ұстау шарттарымен танысты. 

Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің филиалында Қорғаныс министрі объектінің көлем құрылымын ұлғайту және экспозициялық залдарды жаңарту мақсатында жүргізіліп жатқан жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді. Музей бастығы Алуа Байқадамовамен кездесуде генерал-полковник Руслан Жақсылықов жұмыстарды сапалы және уақытылы орындау қажеттігіне назар аударды. 

Сапар аясында ведомство басшысы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығына да ат басып тіреп, инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ұлттық контингентті БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бітімгерлік миссияға жіберуге қатысты бірқатар нұсқаулар берді.

Алматы қаласындағы Орталық әскери емханаға барған кезде қорғаныс ведомствосының басшысы мекеменің емдеу-диагностикалық жабдықтармен, тиісті құралдармен және дәрілік заттармен қамтамасыз етілуімен танысты. Министр бекітілген контингентке сапалы амбулаторлық-емханалық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қажеттігін атап өтті.