Әскери музейге ауған ардагері туралы естелік кітап тарту етілді

Әскери музейге ауған ардагері туралы естелік кітап  тарту етілді

Астанада ауған ардагерлері Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне өз командирінің «30 лет ввода советских войск в Афганистан. 66-я ОМСБр» атты естеліктер кітабын тапсырды. 

«Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» РҚБ кеңесінің төрағасы Халық Қаһарманы отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен отставкадағы генерал-майор Әлімжан Ерниязов әскери музейге Ауғанстан Республикасындағы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті 66-шы жеке мотоатқыштар бригадасының командирі отставкадағы генерал-лейтенант Олег Смирновтың естеліктер кітабын салтанатты түрде табыс етті.  

Отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев отставкадағы генерал-майор Әлімжан Ерниязовпен Ауғанстанда 66-шы жеке мотоатқыштар бригадасы құрамындағы бірлескен қызметі туралы айтып берді, оны қазір Мәскеуде тұратын отставкадағы генерал-лейтенант Олег Смирнов басқарған болатын.

– Олег Евгеньевичпен бірге қызметімді рота командирінен бастадым, содан кейін Ауғанстанда батальон командирі де болдым. Сол кезде ең жас аға лейтенант батальон командирі едім. Міне, Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл. Ауған соғысының батырларын да жастарымыз барынша білуге тиіс деп атап өткім келеді, – деді Б. Ертаев. 

Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің бастығы Ләззат Әлжан қонақтарға бағалы сыйлық үшін ризашылығын білдіріп, оларға алғыс хат табыс етті.

– Біз бұл кітапты сөреде жәй сақтап қоймай, музейге сыйға тартайық деп шештік. Ал жас ұрпақ батырларымыздың ерліктерін біліп, солардан үлгі-өнеге алуы маңызды, – деп толықтырды отставкадағы генерал-майор Әлімжан Ерниязов. 

Кездесу барысында Бақытжан Ертаев Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж тәрбиеленушілеріне өзінің өмір жолы туралы Марат Жүніс-Бек жазған «Тағдыр» атты кітаптың бірнеше данасын қолтаңбасымен сыйға тартты. 

– Балалар, Отан қорғауда «үш» не «төрт» деген баға жарамайды. Отанды «үздік» қорғау керек! Оны жан-тәніңмен жақсы көріп, қорғаңдар, – деп атап өтті отставкадағы генерал-лейтенант Б. Ертаев колледж тәрбиеленушілеріне арнаған тілегінде. 

Іс-шара ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының өнер көрсетуімен аяқталды.