Қарулы күштер – ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының сенімді қалқаны

Қарулы күштер – ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының сенімді қалқаны

Қарулы күштердің барлық түрлерінде, өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінде, әскери бөлімдерде, мекемелерде және әскери оқу орындарында Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар өтті. 

Бөлімшелер салтанатты сап түзеп, жауынгерлік дайындықта ерекше көзге түскен сарбаздар мен офицерлерді грамоталармен және алғыс хаттармен марапаттады. Бірқатар әскери қызметшілерге мерзімінен бұрын кезекті әскери атақтар да берілді.

Алматы, Қонаев, Қарағанды гарнизондарында және Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми взводында әскери ант қабылдау рәсімдері өтті. Бір ай ішінде әскерге шақырылушылар жас жауынгер курсын үйреніп, жалпыәскери жарғыларды, қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеді, саптық, атыс және дене шынықтыру дайындығынан өтті. 

Салтанатты түрде әскери бөлім басшылығының, Қарулы күштер ардагерлерінің, туыстары мен жақындарының қатысуымен сарбаздар Отанымызды және тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік мүдделерін қорғауға ант берді. 

Мерекелік шаралар аясында ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының басқармасында көшпелі көрме ұйымдастырды. Онда Тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерін бейнелейтін мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен кітаптар қойылды. 

Әскери қызметшілер қарттарды, ардагерлерді және ерекше білім беруді қажет ететін балаларды әлеуметтік қолдау жөнінде қайырымдылық акцияларын өткізеді. Тәуелсіздікке арналған экскурсиялар, деректі фильмдер мен сурет көрмелері ұйымдастырылады. 

Елорда тұрғындары мен қонақтарына дирижер капитан Нұрлан Қошқаровтың басқаруымен Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Нұрлы жол» теміржол вокзалында әскери музыканттар танымал халық әуендерін, патриоттық туындылар мен жігерлендіретін марш әуендерін орындады.