Жамбыл облысында Қазақстан мен Үндістанның «ҚазҮнді-2023» оқу-жаттығуы басталды

Жамбыл облысында Қазақстан мен Үндістанның «ҚазҮнді-2023» оқу-жаттығуы басталды

Гвардейск гарнизонының танк бригадасы алаңында Қазақстан мен Үндістанның қорғаныс ведомстволары арасындағы екіжақты ынтымақтастық жоспарында көзделген бірлескен оқу-жаттығудың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Әскери қызметшілерге қарата «Оңтүстік» ӨңҚ қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Бауыржан Күреңкеев пен үнді контингентінің командирі полковник Маниш Пант сөз сөйледі.

– Қазақстан мен Үндістан жаттығулары бесінші рет өткізіліп жатыр. Жылдан жылға үнді әріптестермен қарым-қатынас та нығайып келеді. Осындай бірлескен маневрлер басқару органдарының жедел топтасуын және бөлімшелердің үйлесімділігін арттыруға бағытталған. Оқу-жаттығу барысында командирлер іс жүзінде қарулы күрестің күш-құралдарын басқаруға машықтанады, – деп атап өтті полковник Бауыржан Күреңкеев.

Қазіргі жаттығулардың ерекшелігі – қатысушылар құрамын арттыру. Құрлық әскерлерінің бөлімшелерімен қатар бұл жаттығуға екі елдің Әскери-әуе күштерінің әскери ұшқыштары, сонымен қоса Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері де жұмылдырылды.  

– Мұндай оқу-жаттығудың жылда өтуі Үндістан мен Қазақстан Қарулы күштері арасындағы берік байланысты көрсетеді, – деп атап өтті Үндістан контингентінің командирі полковник Маниш Пант. – Жаттығулар біздің ортақ қауіпсіздігімізге ықпал етіп, өңірдің бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтау үшін маңызды.

Аумалы-төкпелі жағдайда әскери контингенттер терроризмге қарсы операция жүргізеді, сондай-ақ қалалық және ауылдық жерлерде қақтығыстардың тактикалық эпизодтарын пысықтайды. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және радиоэлектрондық күрес мамандары шартты қарсыластың ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларына қарсы іс-қимыл жасау міндеттерін орындайды.

«ҚазҮнді-2023» оқу-жаттығуы биылғы жылдың 11 қарашасына дейін жалғасатынын айта кетелік.