Елорданың № 1 мектеп-лицейіне Талғат Бигелдиновтың есімі берілді

Елорданың № 1 мектеп-лицейіне Талғат Бигелдиновтың есімі берілді

Бұл оқу орны енді аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтың есімімен аталады. Мұндай шешімді Астанадағы ономастика комиссиясы қабылдады.

Осы орайда мектеп-лицейде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов атындағы кабинет ашылды. Бұл жерге ұшақтардың үлгілері, фотосуреттері және оның марапаттарының көшірмелері қойылды.

Салтанатты рәсімге келген Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров мектептің кіре берісінде лента қиды.

Шараға Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Есет Байкен, елордалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары генерал-майор Марат Нағұманов, жазушы, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев және еңбек ардагері Болат Темірбаев қатысты.

– Талғат Бигелдиновтың бүкіл ғұмыры ерлікке толы болды. Оның жарқын есімі халық жадында мәңгі сақталып, Тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Ол нағыз аңыз адам еді, – деді министрдің орынбасары.

Көк аспанды бағындырған әйгілі ұшқыш әуе шайқастарында жаудың ұшақтарын жайратқаны үшін 24 жасында Кеңес Одағының Батыры атанды. Батыр жауынгерлік миссиямен 305 мәрте ұшып,  қарсыластың бірнеше ұшағын атып түсірген. Соғыстан кейін Талғат Бигелдинов КСРО Әскери-әуе күштері мен азаматтық авиацияда қызметін жалғастырды.

Осы іс-шараның құрметіне № 1 мектеп-лицейінде «Феникс» пікірталас клубының мүшелері мен шара қонақтарының қатысуымен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті. Кездесуге қатысушылар бұл жерде балаларға ұшқыш мамандығының ерекшеліктерін айтып, оларды қызықтырған барлық сұраққа жауап берді.

Аты аңызға айналған шабуылдаушы ұшқыш Талғат Бигелдиновтың құрметіне оқушылар «Ұшу үшін жаратылған» атты әдеби композиция дайындады.

Қарулы Күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің атсалысуымен мектепте соғыс қаһарманы Т. Бигелдиновке арналған көшпелі көрме ұйымдастырылды.

Аталмыш шара мектеп шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен аяқталды.