Алматы гарнизонының әскери қызметшілері спорттың әскери-қолданбалы түрлерінен жарыс өткізді

Алматы гарнизонының әскери қызметшілері спорттың әскери-қолданбалы түрлерінен жарыс өткізді

Орталық спорт клубының Панфилов кентіндегі оқу-жаттығу орталығында Алматы қаласының әскерге шақыру жасына дейінгі жастары арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өткен турнир аяқталды.

Екі күндік жарыс 14-15 және 16-17 жастағы бозбалалар арасында екі топ бойынша ұйымдастырылды. Жарыс бағдарламасына кешенді жекпе-жек, әскерилендірілген кросс және садақ ату енгізілді.

 – Бүгінде Орталық спорт клубы әскери-қолданбалы спорт түрлерін белсенді дамытуда. Мұндай жарыстардың талантты жас спортшыларды анықтауға септігі көп. Болашақта бұл балалардың арасынан да Қарулы күштердің намысын республикалық және халықаралық деңгейде қорғайтын спортшылар шығатыны даусыз. Жас спортшыларға мықты денсаулық, шыдамдылық, еңбекқорлық және табыс тілеймін, – деді жарыстың бас төрешісі – оқу-жаттығу орталығының бастығы Атахан Нұридинов.

120 жасөспірім қатысқан жарыстардың қорытындысы бойынша әскери-қолданбалы спорт түрлерінен командалық есепте бірінші орынды № 78 мектеп-гимназияның командасы жеңіп алды. Екінші орынды № 152 мектептің, ал үшінші орынды № 137 мектептің оқушылары иеленді.

Алматы қаласы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Марат Қанатов атап өткендей, мұндай іс-шаралардың әскери-патриоттық клубтардың қызметін үйлестірумен қатар, басқа да көптеген артықшылықтары бар. Ол жас ұрпақтың әскери дайындығына, оның спорттық шынығуына ықпал етеді, әскери қызмет өткеру үшін қажетті дағдыларын қалыптастырады.

Қалалық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.