Оралдағы Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына қонаққа келді

Оралдағы Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына қонаққа келді

Ұшқыштар дайындайтын институттың әскери қызметшілері Орал қаласындағы Оқушылар үйінің тәрбиеленушілері мен шығармашылық ұжымына экскурсия ұйымдастырды.

Мұндай шаралар жасөспірімдерді Отанды сүюге тәрбиелеу, оларды әскери оқу орындарына түсуге ынталандыру мақсатында өткізіледі.

Білім ордасының өкілдері оқушыларға ашық аспан астындағы авиация техникасының мұражайын көрсетті. Балалар ұшқышсыз басқарылатын құрылғылармен танысып, кейбір ұшақтардың штурвалында отырып көрді.

Институт курсанттары бүлдіршіндерге мұражайдың әрбір жәдігері жайлы айтып, балалардың барлық сұрақтарына жауап берді.

Авиация қару-жарағын құрастыру және пайдалану кафедрасының оқытушысы подполковник Аманғали Сапулдьяров балаларға авиациялық зақымдау құралдарының үлгілерін көрсетіп, олардың қызмет көрсету тәртібі туралы әңгімеледі.

Өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеуге атсалысу – әскери жоғары оқу орны және оның жеке құрамының маңызды міндеттерінің бірі.