Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Алматы қаласының халықаралық әуежайында әріптестері салтанатпен қарсы алды.
Әсем Орынбай, Ислам Сәтбаев, Жансель Дениз және Аян Тұрсын Азиада ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына екі алтын, төрт қола салды.
Командалық есепте Skeet жаттығуында практикалық және стендтік атыс бөлімшесінің сержанты ефрейтор Әсем Орынбай мен Зоя Кравченко 350 ұпай жинап, Азия ойындарының рекордын орнатты. Сонымен бірге Әсем стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында да алтыннан алқа таққан болатын. Бұдан бөлек ол Skeet жаттығуларының жеке есебінде стенд атудан жекелей жарыста қола жүлдеге ие болды.
10 метр қашықтықтан пневматикалық мылтықтан атудан өткен аралас командалық жарыста армия спортшысы Ислам Сәтбаев қола медальға ие болды. Үшінші орын үшін болған сайыста қазақстандық мергендер ирандықтарды 17:11 есебімен жеңді.
Орталық спорт клубының спортшысы, таэквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қарулы күштердің қызметшісі Жансель Дениз 67 келіден астам салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді.
Қытайдың ұлттық спорты ушу-саньдада 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ефрейтор Аян Тұрсын жартылай финалда Аспан асты елінің өкілі Юэяо Лиге есе жіберіп, үшінші орынды місе тұтты.