Ресми түсініктеме

Ресми түсініктеме

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің айналасындағы жағдай туралы түрлі арандатушылық сөздер мен алыпсатарлықтар жиілеп кетті.

Қорғаныс министрлігі кең қоғамдық маңызы бар қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне қатысты сауалдарға жауап береді:

 

  1. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында және «КПИ» ЖШС-де болған кезде отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін қолдау қажеттігіне назар аударды. Бұл тапсырманы орындау аясында министрлікте қандай жұмыстар атқарылуда?

Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмаларына сәйкес қазіргі заманғы жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу талаптарына жауап беретін қару-жарақ пен әскери техниканың жоғары технологиялық үлгілерін жоспарлы сатып алу жүзеге асырылуда. Қорғаныс министрлігі берілген тактикалық-техникалық талаптарға сай болған жағдайда армияны отандық қару-жарақ және әскери техникамен жабдықтауға мүдделі.

Қорғаныс ведомствосы ҚӨК-мен белсенді өзара іс-қимыл жасайды және оларға қолдау көрсетіп келеді. Отандық кәсіпорындарды шақыра отырып, құзыреті шеңберінде проблемалық мәселелер шешілетін уәкілетті органмен тұрақты консультативтік кеңестер өткізіліп тұрады.

Қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды жоспарлау кезінде, ең алдымен, өндірісі мен техникалық сүйемелдеуі қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің отандық кәсіпорындарында игерілген және талапқа сәйкес келетін үлгілерге артықшылық беріледі. Қорғаныс ведомствосы бұл тәсілді одан әрі де жалғастыруға ниетті.

  1. ҚР Қорғаныс министрлігі бұған дейін тапсырысты жүзеге асырып келген «КПИ» ЖШС-мен ынтымақтастықты одан әрі неге жалғастыра бермейді? Өйткені ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды ғой.

Меморандумға 2017 жылы қол қойылды. Қазақстанның заңнамасына сәйкес Меморандум азаматтық-құқықтық шарт болып табылмайды және оған қол қойған тараптар үшін заңды, қаржылық және өзге де міндеттемелер мен салдарларға әкеп соқпайды. Бұл Меморандумның мәтінінде де көрсетілген.

Зауыттың 2015 жылы салынғанын, «Арландарды» алғашқы жеткізу 2016 жылы жүзеге асырылғанын, ал Меморандумға 2017 жылдың шілдесінде қол қойылғанын атап өту керек. Бұл құжат 2030 жылға дейін 274 бірлік «Арлан» және 106 бірлік «Барыс» беренді дөңгелекті машиналарын сатып алуды көздейді.

Қорғаныс министрлігі Меморандумда көрсетілген мерзімге сәйкес беренді машиналарды сатып алуды жүзеге асырады. Онда жауынгерлік техниканы әскери сынақтардан өткеннен кейін ғана сатып алуға болатындығы көрсетілген. Ал «Барыс» беренді машинасына келетін болсақ, қазіргі уақытта ол тәжірибелі әскери пайдаланудан өткен жоқ. Зауыт кемшіліктерді жоюмен айналысып жатыр.

Бүгінгі таңда Қарулы күштерде 138 «Арлан» көпмақсатты беренді машинасы (110 бірлік жауынгерлік модульмен және 28 – жауынгерлік модульсіз) барын айта кету керек.

2022-2023 жылдарға 2023 жылы жеткізіліммен тағы да 20 «Арлан» көпмақсатты беренді машинасын (жауынгерлік модульмен 18 бірлік және жауынгерлік модульсіз 2 бірлік) сатып алу жоспарланып отыр. 2023 жылдың соңына дейін Қарулы күштерде жалпы саны 158 бірлік «Арлан» КБМ (128 бірлік жауынгерлік модульмен және 30 – жауынгерлік модульсіз) болады.

Сонымен қатар 2022 жылы қорғаныс тапсырысын орындау кезінде «КПИ» бекітілген рәсімге сәйкес қызметке қабылданбаған «WSE» жаңа үлгісіндегі 10 дана «Арлан» КБМ-ға жауынгерлік модулін орнатты.

Осылайша «КПИ» мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуын бұзып отыр. Өйткені Қарулы күштердің көрсетілген 10 КБМ қабылдау актісіне қол қойылмаған.

Қазіргі уақытта демонстрациялық сынақтар жүргізілді. 11 қыркүйектен бастап аталған жауынгерлік модульді әртүрлі климаттық жағдайларда 2023 жылдың соңына дейін тәжірибелік әскери пайдалану жоспарланып отыр.

Сол себепті 2023 жылы «WSE» жауынгерлік модульдерін орнату көзделген 18 «Арлан» КБМ-ын жеткізу шартының бұзылу қаупі туындап отыр.

2024-2025 жылдарға «Арлан» КБМ-нің 15 бірлігін (жауынгерлік модульсіз) 2025 жылғы жеткізіліммен сатып алу жоспарланған. «КПИ» барлық талаптарды орындаған жағдайда, 2025 жылдың соңына дейін Қарулы күштерде «Арлан» КБМ-ның 173 бірлігі болмақ.

Меморандумның заңды күші болмағанына қарамастан, Қорғаныс министрлігі 8 жыл ішінде келісілген саннан 60% - дан артық «Арлан» сатып алғанын айта кету керек.

Не отандық, не шетелдік бірде-бір кәсіпорыннан сонша техника сатып алынған жоқ.

Біздің мәліметтеріміз бойынша, осы уақытқа дейін бірде-бір машина экспортқа шығарылмаған. Бұл оның бәсекеге қабілеттілігінің төмендігін көрсетсе керек.

Сонымен қатар «КПИ» ЖШС өндіретін машиналардың ешқайсысы су кедергілерін жүзіп өтуге, жаудың беренді нысандарымен ұзақ қашықтықта күресуге және таулы жерлерде әрекет етуге қабілетті емес.

  1. «КПИ» ЖШС мен «Otokar» түрік компаниясы КБМ үлгілерінің қорытынды далалық сынақтары қалай аяқталды және «Арма» КБМ суға батқаны туралы бұдан бұрын жарияланған бейне туралы не айта аласыз?

2023 жылғы 15-30 мамыр аралығында 8х8 «БАРЫС» КБМ-на үшінші тәжірибелік әскери пайдалану жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша бұған дейін жүргізілген тәжірибелік әскери пайдалануда анықталған кемшіліктер тек базалық шасси бойынша жойылғаны, ал жауынгерлік модуль бойынша кемшіліктердің жойылмағаны анықталды. Бұл кемшіліктер жауынгерлік мақсатта қолдануға әсер етеді. «Барыс» кемшіліктерді жою үшін «КПИ» ЖШС-не кері қайтарылды.

«Барыс» КБМ-ын атыс қуаты бойынша БТР-82А-мен салыстыруға болады. Бұл ретте оның құны (шамамен 1 млрд.тнг.) ресейлік машинадан (шамамен 400 млн. тнг.) айтарлықтай жоғары екенін айта кету маңызды.

 «Барыс» КБМ суда жүзбейді, күшейтілген беренді қорғанысы маневрлік пен басқаруға, жылдамдық сипаттамаларына, габариттік өлшемдерге теріс әсер етеді. Бұл өз кезегінде шешілетін міндеттерді едәуір шектейді.

Брондалған дөңгелекті машиналардың атыс қуатын ұлғайту мақсатында 100 мм зеңбірегі бар жауынгерлік модульдерді және атыс қашықтығы 5 км-ге дейінгі танкіге қарсы зымыран кешенін қолдану есебінен 2023 жылғы шілде мен желтоқсан аралығында Қытайда шығарылған VN-11 жауынгерлік модулі бар түріктің 8х8 «Арма» беренді дөңгелекті машинасын тәжірибелік әскери пайдалану жүргізілуде. Әскери пайдалану нәтижелері бойынша Қарулы күштердің мамандары «Арманың» Құрлық әскерлері орындайтын міндеттерге сәйкестігіне қорытынды беретін болады.

Өз кезегінде, Қорғаныс министрлігінің ресми сұрауына КПИ өзінің 8х8 КБМ үлгісін сынақтан өткізуге ұсынбады.

«Арманың» суға батуына қатысты.

Биылғы 24 тамызда тәжірибелік әскери пайдалану бағдарламасының шеңберінен тыс КБМ өндірушісінің өкілдері су кедергілерін еңсеру кезінде машинаның шекті мүмкіндіктерін анықтау мақсатымен ішкі сынақтар жүргізді. Ол үшін КБМ-ын суға батыру штаттан тыс жағдайы модельденді. Сондай-ақ қозғалтқыштың, электрониканың, инженерлік тораптардың суға тұрақтылығы, экипаждың машинаны су басқан жағдайда апаттық әрекеттерді пысықтауға дайындығы тексерілді. КБМ жағаға шыққан кезде барлық электрлік жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп тұрды.

  1. Қоғамда армияның қажеттіліктері үшін қару-жарақ пен әскери техника сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлықтың бары туралы пікір қалыптасқан. Осы тәуекелдерді болдырмау үшін қандай шаралар қолданылуда?

Қорғаныс министрлігінде қару-жарақ пен әскери техника сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болуы мүмкін емес. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыны таңдау конкурс өткізу арқылы жүзеге асырылады. Конкурсты тікелей өткізуді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің МҚТ комитеті (бұдан әрі – ӨҚМ, уәкілетті орган) жүзеге асырады. Орындаушыны таңдауды Комиссия жүргізеді, оның құрамы мен жұмыс тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Конкурс әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қос мақсаттағы (қолданылатын) тауарларды (өнімдерді) отандық өндірушілердің және мемлекеттік қорғаныс тапсырысының әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді отандық жеткізушілердің тізіліміне енгізілген ұйымдар қатарынан өткізеді. Комиссия құрамына қызмет бағыты бойынша арнайы білімі бар Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комиеті мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері кіреді. Шешім комиссиялық түрде қабылданады.  Кәсіпорындар ұсынған ұсыныстар техникалық ерекшеліктермен айқындалған параметрлер мен шарттарға сәйкес келген жағдайда шешім ең төмен бағаны ұсынған кәсіпорынға қатысты қарапайым көпшілік дауыспен қабылданған болып есептеледі.

Қорғаныс министрлігі техникалық ерекшеліктерді әзірлейді, өнімдерді (қызметтерді) жеткізу саны мен мерзімдерін айқындайды. Бағаны белгілеуге уәкілетті орган (ӨҚМ) жауап береді.

Анықтама үшін: «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 14 қазандағы № 759 Қаулысы (қағидалар).

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қорғаныс министрлігі тарапынан әлдебіреулердің мүддесін қолдауы мүмкін емес.

  1. Шетелдік техника ақаулы болған жағдайда отандық КБМ-мен салыстырғанда оларды жөндеудің тәртібі мен құны қандай?

Қазіргі заманғы техника жоғары технологиялық болып табылады. Осыған байланысты қандай да бір ақаулар туындаған жағдайда оны жөндеуді тиісті жабдықтары мен құзыретті мамандары бар мамандандырылған кәсіпорындар жүргізеді.

Қолда бар қару-жарақ пен әскери техника  паркінің жауынгерлік әзірлігін қолдау мақсатымен қорғаныс тапсырысы шеңберінде белгілі бір кезең ішінде (1 жылдан 3 жылға дейін) регламенттелген техникалық қызмет көрсетуді (техникалық сүйемелдеуді, ағымдағы жөндеуді) жүргізу көзделген.

Келісімшарт алдындағы келіссөздерде шетелдік техниканы сатып алу кезінде оған одан әрі қызмет көрсету және жөндеу мәселелері талқыланады. Бұл ретте отандық кәсіпорындардың осы техниканы жөндеу мен қызмет көрсетуді оқшаулауы (қызмет түрі бойынша лицензияланған) басты шарт болып табылады. Мысалы: сатып алынған заманауи БУК-М2Э ЗЗК мен ТОР-М2К-ге кепілдіктен кейінгі техникалық сүйемелдеуді отандық «СКТБ Гранит» ЖШС кәсіпорны жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта инженерлік-техникалық құрам Қарулы Күштердегі бронды дөңгелекті машиналарды жөндеу мен оларға техникалық қызмет көрсетуді дербес жүзеге асырады. Отандық және шетелдік кәсіпорындарда жөндеу (техникалық қызмет) құны мәселелері уәкілетті органның құзыретінде болады.

 

  1. Қазақстан әскерінің қару-жарағы мен әскери техникасының негізгі бөлігі ресейлік (бірлескен) өндірістен шыққан, Ресейге салынған санкциялар бұрын жеткізілген қару-жарақ үлгілерін одан әрі пайдалануға қандай да бір әсері бар ма?

Енгізіліп жатқан санкциялар қару-жарақ пен әскери техниканы, ең алдымен, кеңестік және ресейлік өндірісті одан әрі пайдалануға едәуір әсер етуі мүмкін, өйткені компоненттер мен қосалқы бөлшектерді жеткізу іс жүзінде тоқтатылды.

Әдетте, ресейлік қару-жарақты алушы ел мәміледе сатып алынатын қару-жарақ пен әскери техниканы, оның ішінде Қытай немесе Үндістан сияқты қорғаныс өнеркәсібі кешенінің өздерінің отандық кәсіпорындарында қосалқы бөлшектер мен олардың құрамдас бөліктерін өндіруді ұйымдастыруды қарастырады.

Одан өзге Шығыс Еуропа елдерінде Варшава келісіміндегі, атап айтқанда Сербия, Чехия, Словакия және т.б. елдердің қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өндіру және жаңғырту жалғасуда.

Бұл бағытта қару-жарақ нарығына мониторинг үнемі жүргізіліп отырады.

Сонымен қатар, бұл Қорғаныс министрлігі қолдау көрсететін, уәкілетті органның міндеті болып саналады.

 

  1. «ҚПИ» ЖШС өкілдерінің айтуынша, «Барыс» БТР 8х8 түріктің ARMA 8х8 бронды көлігінен еш кем түспейді және құны 40%-ға арзан. Қазақстандық компанияның мәлімдемесі қаншалықты орынды екенін түсіндіріп берсеңіз?

«Барыс» БКМ «Арма» сияқты суда жүзбейді.

«Барыстың» жауынгерлік модулі 30 мм зеңбірекпен жабдықталған, ал «Армада» 100 және 30 мм зеңбіректер орнатылған және танкке қарсы қолданатын зымыран кешенінде 5 шақырымға дейінгі қашықтыққа ату мүмкіндігі бар, бұл салыстырмалы түрде оның ату мүмкіндігін едәуір жоғары екенін көрсетіп тұр.

«Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қорғаныс министрлігі тапсырысты алушы болып табылады, ал қорғаныс-өнеркәсіп кешені және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы уәкілетті орган, оның ішінде баға белгілеу бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы комитеті айқындалған.

 

  1. 2022 жылы Қазақстанның Қорғаныс министрі Р. Жақсылықов Мәжіліс депутаттарының сұрауына жауап беріп, 2023 жылы ҚР ҚК қажеттілігі үшін «Арлан» БКМ-нің 20 бірлігін жеткізу жоспарланғанын мәлімдеді. Биылғы жылы «ҚПИ» ЖШС-дан техника сатып алынды ма?

Жоғарыда атап өткендей, ҚПИ 2022 жылы жауынгерлік модульді 10 БКМ жеткізу тоқтатылған, сондай-ақ 2023 жылы осындай 18 бірлікті жеткізу де тоқтатылмақ.

ҚПИ кінәсінен жауынгерлік модульсіз кешеннің 2023 жылдың соңына дейін алынады делінген 20 БКМ-нан тек 2 БКМ қабылдануы мүмкін.

Қалғандары әскери тәжірибеден нәтижелі өткен соң ғана белгіленген тәртіппен қабылданатын болады.

Анықтама ретінде: 2023 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде «Арлан» БКМ-нің 20 бірлігін (жауынгерлік модульмен 18 бірлік және жауынгерлік модульсіз 2 бірлік) сатып алу жоспарланған, шарт бойынша тапсырысты орындаушы «КПИ» ЖШС болып табылады. Осы уақытқа дейін жеткізілмеген, жеткізу мерзімі 2023 жылғы 30 қарашаға дейін.

 

  1. Соңғы 3 жыл ішінде Қазақстан әскеріне отандық және шетелден шыққан қандай бронды техника түрлері жеткізілді?

2020-2022 жылдарда Қарулы Күштерге тек «Арлан» БКМ-ның (ҚПИ) 48 бірлігі сатып алынды, оның ішінде 2020 жылы – 30 бірлік, 2021 жылы – 18 бірлік (2022 жылы жауынгерлік модульді 10 бірлік жарақ құрамына қабылданбады, әскери тәжірибеде пайдалану іске асырылып жатыр).

 

  1. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының қауымдастығы ҚР ҚМ және бұрынғы «ИИДМ» (қазіргі ӨҚМ) іс-әрекеттері соңғы жылдары отандық ҚӨК-ге және елге, тұтастай алғанда (елдің экономикасына және әскери қауіпсіздігіне қатер төндіреді, сондай-ақ «ҚПИ» ЖШС қызметкерлері мен олардың мердігерлері жұмыссыз қалады) зиянын тигізеді деп мәлімдеді. Бұл мәлімдемеге қатысты не айтасыз?

Әлемнің барлық елдеріндегі сияқты, қарулы қақтығыстардың орын алуы мүмкін деген сценарийлеріне, ықтимал қарсыласқа, жауынгерлік құрамды бағалауға және Жоғарғы Бас қолбасшы бекіткен Қарулы Күштерді жауынгерлік қолдану жөніндегі құжаттардың талаптарына сүйене отырып, қару-жарақтың қажетті типтері, түрлері және олардың саны анықталады, ал қорғаныс өнеркәсібінің міндеті – оның қажеттіліктерін қамтамасыз етуді сапалы және уақытылы іске асыру екенін атап өту қажет.

Маркетингтік есептеудегі қателіктер, 2-ші деңгейдегі банктермен проблемалық қарым-қатынастар, өндірісті әртараптандыру, техниканы жөндеу жөніндегі басқарушылық шешімдер, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық және өндірістік даулары Қорғаныс министрлігінің талқылайтын тақырыбы емес.

 

  1. Отандық және шетелдік өндірушілердің брондалған дөңгелекті машиналарына демонстрациялық сынақтар жүргізілді ме? Оған қандай кәсіпорындар қатысты. Басқа өндірушілер жоқ болуының себебі не?

Бронды машиналардың жүрісін және атыс мүмкіндіктерін көрсету мақсатында Қорғаныс министрлігі биыл 21-25 тамыз аралығында әскери оқу-жаттығу полигондарында отандық және шетелдік өндірістегі брондалған дөңгелекті техниканың демонстрациялық көрсетілімін (тест-драйв) ұйымдастыруды жоспарлады.

Оған қатысу үшін отандық «ҚПИ» ЖШС-ның (2023 ж. 18.07. шығ. № 27-01/27/3155.) және «Отокар» түрік компаниясының, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың лауазымды тұлғаларына және «Атамекен» АҚ өкілдеріне шақыру жіберілді.

«Отокар» түрік компаниясы осы көрсетілімге 8х8 «Арма» БКМ-ын шығарды.

«ҚПИ» ЖШС бұған дейін 8х8 «Барыс» БКМ-нің жауынгерлік мүмкіндіктерін бірнеше рет көрсеткенін айтып, сондай-ақ орнатылған қару-жарақтың тозуы, бұл жауынгерлік мүмкіндіктерді толық ауқымды көрсетуге мүмкіндік бермейді деп қатысудан бас тартты (2023 ж. 7.08. шығ. № 542-И).

 

  1. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты соңғы Жолдау аясында ҚР ҚМ мен «ҚПИ» ЖШС арасындағы қарым-қатынас қалай болмақ?

Отандық өндірісті қолдау саясатын ұстана отырып, Қорғаныс министрлігі бұған дейін «КПИ» ЖШС-не арнайы міндеттерді орындау үшін «Арлан» БКМ базасында машиналар тобын әзірлеуге техникалық тапсырмалар (барлау, артиллерия атысын басқару және т.б. РХБ жүргізу), сондай-ақ бронды танк, автомобиль және басқа да техниканы жөндеуді және жаңғыртуды ұйымдастыру ұсыныстарын жолдаған болатын. Кәсіпорын осы уақытқа дейін бұл міндеттерді іс жүзінде орындаған жоқ.

 

  1. Неліктен Қазақстан Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшылығы ресейлік БТР-ға, ал қазіргісі түрік өндірушісіне тоқталды?

Бұл пікір шындыққа жанаспайды. Қажетті қару-жарақ пен әскери техниканы таңдау қызметке қабылдау ережелерімен нақты реттеледі және оны арнайы құрылған алқалы орган жүзеге асырады.

Ресейлік БТР-ді сатып алу Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің бөлімшелерін толықтыру шеңберіндегі келісімдерде қарастырылған.

Қорғаныс министрлігі аталған әскери техниканы 2013 жылы сатып алды.

Соңғы 10 жыл ішінде «ҚПИ» өнімі «Арлан» КБМ-ын қоспағанда, шетелдік өндірістің беренді техникасы сатып алынған жоқ.

Қарулы күштердің мамандары нарық мониторингін және қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің жауынгерлік мүмкіндіктеріне салыстырмалы талдауларды тұрақты негізде жүргізіп отырады. Жүргізілген жұмыстың нәтижелері бойынша жауынгерлік тапсырмаларды орындауға қабілетті, талаптарға сәйкес келетін нақты үлгілер айқындалады.

ЖШС-тің (ҚПИ) 2022 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі Қорғаныс министрлігінің үстінен жасаған шағымдары негізсіз деп танылып, талап арыздар бойынша 6 сот процесінде жеңіліс тапқанын атап өту керек.

Бұдан бөлек 2022 жылғы тамыз айында БАҚ-та Қорғаныс министрлігі ҚӨК-мен қазақстандық армияның мұқтаждықтары үшін сындарлы негізде ынтымақтастыққа дайындығы және «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС айналасындағы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді: https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/ press/news/details / 408498?lang=ru.

Ағымдағы жылдың 10 шілдесінде Қазақстан Президенті аталған саладағы қызметті реттеуге бағытталған «онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңға қол қойды. Аталған құжат 9 қыркүйекте күшіне енді. Енді онлайн-платформаларда жалған ақпаратты орналастыру мен таратудың жауапкершілігі барын естеріңізге саламыз.

Қоғамдық дау-дамай туғызу мен қорғаныс ведомствосына кез келген ақпараттық қысым көрсету нәтижесіз болып табылатынын атап өткіміз келеді.

Сондай-ақ уәкілетті орган мен кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимылы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңының 20-бабымен реттеледі.

Қорғаныс министрлігі сындарлы диалог пен нәтижелі ынтымақтастыққа дайын.

Барлық сұрақтар бойынша ҚР ҚМ баспасөз қызметіне 72-16-31, 72-15-59 телефон нөмірлері бойынша хабарласуға болады.