Астана мен Алматыдан әскерге алынғандардың алғашқы легі шекараға қызмет етуге аттанды

Астана мен Алматыдан әскерге алынғандардың алғашқы легі шекараға қызмет етуге аттанды

Биыл күзгі әскерге шақыру науқанында 19 мыңнан аса азамат әскер қатарына шақырылады. Жоспарға сәйкес Астана мен Алматыдан екі мыңға жуық шақырылушы Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге жіберілетін болады. 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери бөлімдері белгіленген тәртіппен бірінші болып жасақталатынын Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов айтты.

– Әскерге шақырылушылардың моральдық-психологиялық деңгейінің жоғары екенін айта кетейін. Олар медициналық комиссияның бірнеше кезеңінен сәтті өтті. Медициналық көрсеткіштеріне қарай көктемде шақырылатындары да бар. Денсаулықты қалпына келтіру үшін бір жылға кейінге қалдырылатыны бар, – деп түсіндірді Ғ. Артықов.

Оның айтуынша, осы шақырылымда астаналықтардың көбі жоғары және орта арнаулы білімімен ерекшеленген.

Әскерге шақыру бақылау комиссиясының дәрігер-терапевті Жанат Мұқышева жалпы жастардың денсаулығына байланысты айтарлықтай шағымдардың жоқ екенін, алайда көру қабілетінің төмендігі, семіздік және дене салмағының аздығы сияқты жағдайлар бар деді.

Жиырма екі жасар әскерге шақырылушы Әлібек Барлыбаев – Қазақ технология және бизнес университетінің Экономика және менеджмент факультетін бітірген.

– Әскери комиссариатқа өзім келдім. Отан қорғаушысы болып, шекарада қызмет ететініме қуаныштымын. Әскерден кейін ҰҚК Шекара қызметі академиясына түсуді жоспарлап отырмын. Әскерде әрі қарай қызмет еткім келеді, – деп өз жоспарымен бөлісті.

Геннадий Харлашкин мен Ардақ Әлімовтың ата-аналары ұлдарына Отан алдында абыроймен қызмет етіп, әскери істің қыр-сырын үйренуде табандылық танытуды тіледі.

Алматы қалалық жинау пунктінің жұмысы да қызу жүрді. Азаматтарды әскерге шығарып салу үшін қалалық жинау пунктіне Қарулы күштердің ардагерлері, туыстары мен жақындары келді.

– Табанды, төзімді, жігерлі бол.  Серіктерің сенімді, қызметің абыройлы болсын. Тәжірибе жинап, шынығып-шыңдалып, мықты болып оралуыңа тілектеспін. Сені амандығыңды тілеп, күтеміз, – деді әскерге жаңа шақырылған Ислам Жамбылға әжесі Нұрқалипа Тезекпаева.

Әскери бөлімдерді жасақтау аумақтық және аумақтан тыс қағидат бойынша жүзеге асырылады, яғни әскерге шақырылушыларды бір өңірден екінші өңірге жіберуді көздейді. Әскерге шақырылушылар ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне қызмет етуге жіберіледі. Күзгі шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады.