Қазақстан Қорғаныс министрлігінің өкілі оқ ату мен стендтік оқ атудан Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің өкілі оқ ату мен стендтік оқ атудан Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті

Қорғаныс министрлігінің өкілі Ислам Сәтбаев оқ атудан және стендтік оқ атудан өтіп жатқан лицензиялық әлем чемпионатында Париждегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алды.

14-31 тамыз аралығында Бакуде халықаралық спорттық ату федерациясының (ISSF) қамқорлығымен оқ ату мен стендтік оқ атудан 53-ші лицензиялық әлем чемпионаты өтіп жатыр. Онда 100 елден келген 1500-ден астам спортшының қатарында Қазақстан атынан 50 мықты атқыш бақтарын сынасуда.

ҚР ҚМ Спорт комитеті Штаттық командаларды даярлау орталығының спортшы-нұсқаушысы Қарулы күштердің қызметкері Ислам Сәтбаев ерлер арасында «10 метрден пневматикалық мылтықтан ату» жаттығуының финалында төртінші орын алып, олимпиадалық лицензияға ие болды. Бұл жаттығуларда олимпиадаға барлығы 4 жолдама ойналды. Сонымен қатар ол 632,7 ұпай жинап, Қазақстанның рекордын жаңартты.

 – Жаттықтырушым әрі тәлімгерім екеуіміз бұл жарысқа жақсы дайындалдық. Толық дайындықты 2 айға алдын ала жоспарладық. Алда өз жоспарларымызды түзетуді, оқу-жаттығу үдерісін қалыптастыруды және Азия ойындары мен Олимпиада ойындарының басталуына дайын болуды жоспарлап отырмыз, – дейді Ислам Сәтбаев.

ҚР ҚМ Спорт комитеті Оқ ату және стендтік ату командасының бастығы сержант Ольга Важнинаның айтуынша, 2024 жылғы Олимпиада ойындарына арналған бұл лицензия олар үшін тосынсый емес. Ислам Сәтбаев – еліміздегі ең үздік атқыш. Ол Олимпиада алдындағы алғашқы лицензиялық чемпионатқа барын салып дайындалды.

– Оның өзіне сенімділігі мен табандылығы өз жемісін берді. Айтпақшы, Исламның жеке жаттықтырушысы армия спортының ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Геннадий Романович Насонов екенін атап өткім келеді, – дейді сержант Ольга Важнина.