Теңізді қалада Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығына орай корабльдер мен есептоптардың салтанатты шеруі өтті.
Парадты Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Марат Құсайынов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қарулы күштердің ардагерлері бақылады. Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжанов шеруді басқарды.
Салтанатты сапта бірінен кейін бірі «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық корабльдері, «Алатау» мина-тартқыш кораблі, «Табиғат» және «Жайық» гидрографиялық кемелері жүрді. Жағалау бойымен бірдей сап түзеген теңізшілер көрермендерді корабль артиллериясы қаруының дүркіндеткен дауысымен қарсы алды.
Қала жағалауында шерудің құрлықтағы бөлігі өтті. Әскери оркестрдің үнімен салтанатты маршпен Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің салтанатты есептоптары жүріп өтіп, көрермендерді әскери-теңіз формасымен және сыптай тізілген сап қатарында таң қалдырды.
Көрермендерге одан өзге әскери корабльдердің атысымен бүркемелеуі арқылы жабдықсыз теңіз жағалауына тактикалық десант түсіру эпизоды да көрсетілді. Теңіз жаяу әскерлері үстіміздегі жылы Әскери-теңіз күштерінің қару қатарына қосылған «Қайсар» броньды жылдам қайығынан десант түсіруді пысықтады. Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында теңіз жаяу әскерлерінің ротасы шартты қарсылас қолындағы плацдармды қайтарды.
Дәстүр бойынша әскери қызметшілер Маңғышлақ жауынгерлерін еске алды. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы ғарышкер авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, контр-адмирал Ратмир Комратов, Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі мен Орталық әскери оркестрі дайындаған мерекелік концерт қала тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйлады.
Шараның ең қызықты сәті Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдық мерейтойына арналған мерекелік отшашу болды.