
Осы күндері «Іле» полигонында алғашқы әскери дайындық курсынан өткен 30 жасты оқытудың бірінші кезеңі аяқталды.
Оқушылар атыс, тактикалық және саптық дайындық элементтерін зерделеді. Практикалық оқу атыстарында Десанттық-шабуылдау әскерлері 61993 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оларға қару-жарақ үлгілерін, сондай-ақ жаяу әскердің броньды машинасынан оқ атуды көрсетті.
– Бастапқы әскери дайындық курсын аяқтағаннан кейін білім алушылар газ-электр дәнекерлеушінің негізгі техникалық мамандығын игеруге кіріседі. Бұл мамандық әрдайым сұранысқа ие, – деді әскери-техникалық мектептің Алматы филиалы директорының орынбасары запастағы полковник Амантай Өсербаев.
Азаматтардың осы санатымен қорғаныс ведомствосы жобаны алғаш рет іске асыруда. Іс-шаралар Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының және «Алматы Студенттер альянсы» корпоративтік қорының қолдауымен өткізіледі. Пилоттық жоба жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі іс-шаралар кешенін, сондай-ақ кәсіби даярлық курсын қамтиды.
– Әскери істі үйреніп, техникалық мамандық алуға мүмкіндігім болғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта күштік құрылымдарда жұмыс істеуді жоспарлап отырмын, – деді білім алушы Самат Ермағанбетов.
Бағдарлама Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің Алматы филиалында 73652 әскери бөлімімен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылмақ.