Петропавлда аумақтық қорғанысты ұйымдастыру бойынша оқу-әдістемелік жиын өткізілуде

Петропавлда аумақтық қорғанысты ұйымдастыру бойынша оқу-әдістемелік жиын өткізілуде

Аталмыш шара Солтүстік Қазақстан облысының аумақтық қорғаныс бригадасында ұйымдастырылды.

Жиынға өңірлік қолбасшылық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшыларының аумақтық әскерлер басқармалары бөлімдерінің бастықтары, әкімдердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысып жатыр. 

– 2017 жылы аумақтық әскерлердің құрылғалы бері осындай бейіндегі мамандармен оқу-әдістемелік жиын екінші рет өткізілуде, – деп атап өтті Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы – Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Серік Борамбаев. – Сонымен қатар оларға алғаш рет жергілікті атқарушы органдарының өкілдері де қатысып жатыр.

Жиын барысында аумақтық қорғаныс күштері мен құралдарын жоспарлау, өрістету, олардың үйлесімділігі, өзара іс-қимылы мәселелері бойынша теориялық дайындықтан басқа аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілерімен әскери жиын бойынша практикалық сабақтары да жоспарланған. Жиынға қатысушылардың кәсіби даярлық деңгейі, оның ішінде теориялық білімі сынақтарда және практикасы оқ ату жаттығуларында тексерілетін болады.

Осындай шара шеңберінде дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда «Аумақтық қорғаныс туралы» ҚР Заңының жобалары және оны дамыту жөніндегі кешенді жоспар қаралатын болады.

Үш күндік оқу-әдістемелік жиын аумақтық қорғаныс жүйесін әртүрлі дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде өрістетуге дайындау сапасын арттыруға бағытталған.

Шара жиынға қатысушылардың командалары арасындағы достық шағын футбол матчынан басталды. Жиын жұмысына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев қатысқанын айта кеткен жөн.