Қарулы күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлеріне 23 жыл

Қарулы күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлеріне  23 жыл

2000 жылдың алтыншы шілдесінде Ел Президентінің Жарлығымен 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының базасында элиталық әскерлер – Мобильді күштер құрылды. Олар кейіннен Аэроұтқыр әскерлері болып өзгертіліп, 2017 жылы Десанттық-шабуылдау әскерлері болып қайта құрылды.

Елдің барлық бағыттарындағы әскери топтарды күшейту үшін, сондай-ақ оларға дербестік беру мақсатында 2022 жылғы желтоқсанда Десанттық-шабуылдау әскерлері Құрлық әскерлерінің құрамынан шығарылып, Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының қоластына берілді.

Десанттық-шабуылдау әскерлері тарихының жарқын беттерінің бірі бітімгерлік қызмет болды. 2003 жылдан 2008 жылға дейін 35-ші десанттық-шабуылдау бригадасы бөлімшесінің базасында құрылған қазақстандық бітімгерлік батальонының инженерлік-саперлік жасағы Ирак халқына елді қалпына келтіруге, тұрақтылық пен қауіпсіздікке жағдай жасауға көмек көрсетті. 2018 жылы БҰҰ қолдауымен десантшылар бірінші болып Ливан Республикасына бітімгерлік миссиясын орындауға аттанды. Қазақстандық бітімгерлер бүгінде Ливан-Израиль шекарасындағы Үнді батальонының құрамында қызмет атқарады.

Десанттық-шабуылдау әскерлері – жоғары мобильді және заманауи техникамен жарақталған әскерлер тобы, Жоғарғы Бас қолбасшының резерві, жауынгерлік тапсырмаларды жау тылында да орындауға қабілетті негізгі күш.

Қазіргі уақытта әскерлердің жауынгерлік дайындық жүйесіндегі кейбір тәсілдер қайта қарастырылуда. Осы заманғы қарулы қақтығыстарға жасалған талдауды ескере отырып, әскерлерді қолдану формаларына, әдістеріне және тактикасына жаңа элементтер енгізіліп жатыр. Десантшы жауынгерлердің дайындығы мен жауынгерлік шеберлігінің жоғары деңгейі оқу-жаттығулар барысында сыналады.

Әр жылдары бұл әскердің қалыптасуы мен дамуына қолбасшылар генерал-майор Уәли Еламанов, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, генерал-майорлар Әділбек Алдабергенов, Дәулет Оспанов, Қайдар Қаракұлов, Қаныш Әбубәкіров, Мереке Көшекбаев зор үлес қосты. Қазір Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет ету қашанда беделді болған, солай болып қала бермек. Сондықтан мұнда іріктеу өте мұқият жүргізіледі. Осында мерзімді қызметін өткеріп жүргендердің өзі әдетте спорттық дәрежесі бар және психологиялық тұрғыдан мықтылар.

Бүгін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің барлық әскери бөлімдері мен құралымдарында Қарулы күштердің ардагерлерін, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерін және әскери қызметшілерді шақыра отырып, ашық есік күндері өтіп жатыр. Қару-жарақ пен әскери техника көрмелері, әуе-десанттық кешенде көрсетілімдік сабақтар ұйымдастырылды.