Қорғаныс министрі әскери жоғары оқу орындарының үздік курсанттарына офицерлік погондарды табыс етті

Қорғаныс министрі әскери жоғары оқу орындарының үздік курсанттарына офицерлік погондарды табыс етті

Салтанатты рәсім елордадағы «Атамекен» этно-мемориал кешенінде өтті. Мемлекеттік әнұран шырқалып, Көк байрағымыз көтерілді.

Аталған шараға жоғары әскери оқу орындарының курсанттары, олардың туыстары, әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

Салтанатты шарада төрт оқу үздігі Қорғаныс министрінің қолынан алғашқы офицерлік шендерін алды. Олар Құрлық әскерлері әскери институтынан – Нұрбек Шыныбекұлы мен Адайбек Абдулаев, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтынан – Дәулет Досбосынов пен Сұлтан Нұрғали

– Қорғаныс министрінің қолынан погон алу – бұл абырой ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Біз бұл күнге төрт жыл жүріп жеттік. Командирлеріміз бен тәлімгерлеріміз әрқашан қасымызда болды. Мен олардың сенімін ақтауға тырысамын, – деп қуанышын бөлісті лейтенант Сұлтан Нұрғали.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов жас офицерлерді оқуын сәтті аяқтауымен құттықтап, отансүйгіштік пен адал қызметтің үлгісі болуға тілек білдірді.