Отанға қызмет ету, ел қорғау Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов үшін абыройлы іс болатын. Тірі болса ол бүгін 99 жасқа толар еді.
Бірінші «Халық Қаһарманы» атағының иегері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі ел тарихында мәңгі қалары анық.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Ақкөл ауданы бұрынғы Трудовое, қазіргі Еңбек ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінен жетім қалған оны және әпкелерін Сағит ағасы асырап, әке-шешесінің орнын басты. Соғыс жылдары алғашқылармен майданға аттанған ағасы, көп ұзамай Псков қаласындағы шайқаста қаза табады.
Ол Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіріп, 1943 жылдың сәуірінен 1945 жылдың мамырына дейін 5-ші соққы беруші армияның Берлин атқыштар дивизиясы II дәрежелі 301-ші Донецк Суворов ордені 1052-ші атқыштар полкінің құрамында пулемет взводының, ротаның, атқыштар батальонының командирі ретінде майданда соғысқан. Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Батыс Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысты.
Сағадат Нұрмағамбетовтың батальоны Гитлердің Рейх канцеляриясының ғимаратына жасалған шабуылға да қатысқан. Жеңістен кейін батальонның жеке құрамы мемлекеттік маңызы бар маңызды объектілерді күзету міндеттерін орындады. 20 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» табыс етілді.
1945 жылы сәуірде жасаған ерлігі мен батылдығы үшін ол екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған болатын, алайда майор Нұрмағамбетов Қызыл Ту орденімен марапатталды.
1991 жылғы қазанда Одақтың ыдырауы кезіндегі жауынгерлік және практикалық тәжірибені ескере отырып, ҚР Президентінің Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы мамырда Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылы Президенттің Жарлығымен оған «Алтын Жұлдыз» табыс етіліп, «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
Сағадат Нұрмағамбетов ержүрек жауынгер ғана емес, шығармашылық адам болған. Оның қаламынан туындаған «Лицом к огню», «Мой передний край», «От огненных лет до суверенной армии», «А в памяти нет тишины»деген естелік кітаптары бар.
Бүгінде оның есімі Қазақстан қалаларының көшелеріне және әскери оқу орындарына берілген, батырдың құрметіне ескерткіштер, мемориалдық тақталар орнатылып, мұражайлар ашылды. Сағадат Қожахметұлының бюсті Мәскеудегі Ұлы Отан соғысының Орталық музейі Қасіретке тағзымға қойылған.
Ол жайлы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» «Сағадат Нұрмағамбетов. Соңғы сұхбат» атты фильм түсірген болатын. Бұл фильм 2016 жылы Севастопольде өткен ХІІ Халықаралық деректі фильмдер мен телебағдарламалар кинофестивалінде үздік портреттік очерк сыйлығын жеңіп алған.