Отан қорғаушы күні қарсаңында кезекті әскери атақтар, мемлекеттік және ведомстволық наградалар беріліп, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін және мемлекеттің қорғаныс әлеуетін нығайтуға күнделікті жауынгерлік еңбегімен үлес қосып жүрген, ел қауіпсіздігі мен бейбітшілік күзетінде тұрған азаматтардың еңбегі атап өтілді.
"Жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер мен біліктілік сыныптарын беру туралы" ҚР Президентінің Жарлығымен "генерал-лейтенант" әскери атағы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Талғат Қойбақовқа, "генерал-майор" әскери атақтары – Бас штаб Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы Бауыржан Артықовқа, Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Самат Төлепбаевқа, Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы Болат Жорабаевқа, 14776 әскери бөлімінің командирі Қанатай Далматовқа, 14776 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Ермек Байтілеуовке, Қарулы күштердің Қару-жарақ бастығы Бақытбек Сыдықовқа берілді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар әскери қызметшілер мемлекеттік наградаларға ие болды. I дәрежелі "Даңқ" орденімен Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов марапатталды. ІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қуанышбек Үштаев наградталды. ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен 97616 әскери бөлімінің командирі полковник Тайыр Жұматаев, Әскери полиция бас басқармасы бастығының орынбасары полковник Дастан Нұркелдиев, Қорғаныс министрлігі Әскери клиникалық госпиталі бастығының орынбасары полковник Ғалымжан Омаров мадақталды.
Одан бөлек, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалі 10810 әскери бөлімі мотоатқыштар батальоны мергендер взводының командирі 3-сыныпты сержант Алмас Қонысбаевқа табыс етілді.