Журналистер десанты елордадағы әскери бөлімге сапар шекті

Журналистер десанты елордадағы әскери бөлімге  сапар шекті

Қорғаныс ведомствосы "Қуатты армия – елдің сенімді қалқаны" атауымен Ақмола өңірлік гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде ел Қарулы күштерінің құрылғанына 31 жыл толуына орай баспасөз турын өткізді.

Қонақтарды қарсы алған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов журналистерді алдағы Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнімен құттықтады. Кәсіби мереке қарсаңында әскерилер БАҚ өкілдерін мерзімді қызмет сарбаздарының тұрмысымен таныстырды.

Жақында ғана 120 адамға арнап әзірленген жеке құрам  казармасының жөндеу жұмыстары аяқталған болатын. Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін мұнда барлық қажетті жағдайлар жасалған. Ғимарат бейнебақылау камераларымен жабдықталған, олар мониторинг сыныбында, оқу аудиторияларында және бөлім аумағында орнатылған.

Министрдің орынбасары алдағы мерекелер әскери дәстүрлердің сабақтастығымен, аға буынның ерлігі мен батырлығының үлгісімен байланысты екенін атап өтті.

– Бүгінде Қарулы күштер оқу-жауынгерлік міндеттерді орындап қана қоймай, бірлікті сақтауда және қоғамды патриотизмге тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Жоғарғы Бас қолбасшының армияның жауынгерлік қабілетін нығайту, техника паркін жаңарту, әскерлердің ұтқырлығын, оның ішінде әскери-көліктік авиация мүмкіндіктерін арттыру жөніндегі тапсырмалары іске асырылуда, – деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.

Әскери бөлімнің басшылығы қонақтарға экскурсия ұйымдастырып, қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін, әскери қызметшілердің жабдықтары мен киім-кешектерін көрсетті. Сондай-ақ, баспасөз турының бағдарламасында кедергілер жолағын еңсеру, қоян-қолтық ұрыс элементтері және әуе-десанттық кешеніндегі сабақтар да болды.

Шара соңында журналистер сарбаз ботқасынан дәм татты.