Атыстан аты аңызға айналған мерген Төлеуғали Әбдібековті еске алуға арналған жарыс өтті

Атыстан аты аңызға айналған мерген Төлеуғали Әбдібековті еске алуға арналған жарыс өтті

Алдағы Отан қорғаушылар күніне орай Жамбыл облысындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Айша бибі» полигонында атыстан жарыс өтті.

Іс-шараға он бес команда құрамында жүздің үстінде адам, атап өтсек, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарайтын барлық гарнизондарының әскери қызметшілері, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Жамбыл облысының Полиция, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің өкілдері және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

Ұйымдастырушылар жарысты Ұлы Отан соғысы жылдарында 400-ге жуық фашистің көзін жойған мерген, Халық Қаһарманы Төлеуғали Әбдібековті еске алуға арнады.

– Кәсіби мереке қарсаңында біздің «Оңтүстік» ӨңҚ түрлі күш құрылымдарының өкілдері арасында атыстан жарыстар өткізуді жақсы дәстүрге айналдырды, – деп атап өтті «Оңтүстік» ӨңҚ қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Бауыржан Күренкеев. – Мұндай жарыстар спорттық шеберлікті арттыруға және әскери рухты нығайтуға ықпал етері сөзсіз. 

Сайыс нәтижесіне келсек, Калашников автоматынан атудан командалық есепте үздік үштіктің барлық тұғырын турнир иелері иемденді. Бірінші орында – «Оңтүстік» ӨңҚ Жаркент гарнизонының әскери қызметшілері, екінші орында – Луговой гарнизонының жауынгерлері, үшінші орында – Гвардейск гарнизонының командасы.

Макаров тапаншасынан атуда ҰҚК Шекара қызметі департаментінің әскери қызметшілері командалық есепте жеңіске жетті. Екінші орынды – Шымкент гарнизонының құрамасы, үшінші орынды – «Оңтүстік» ӨңҚ әскерлері қолбасшысының басқармасы еншіледі.

Сондай-ақ, жеке есепте үздік деп танылған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен наградалар табысталды.

– Қарсыластар да мықты болды, соған қарамастан жеңіске жету маңызды, – деп атап өтті Жамбыл облысы ҰҚК Шекара қызметі департаментінің жауынгерлік дайындық және әскерлер қызметі басқармасының бастығы полковник Тимур Тайсеңгіров. – Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында осындай жарыс ұйымдастырғаны үшін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылығына ризашылығымды білдіргім келеді.

Жарыс салауатты бәсекелестікті көрсетті. Қатысушылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар ведомствоаралық қарым-қатынасты дамытуға, жауынгерлер арасындағы достық пен әскери серіктестікті нығайтуға ықпал етпек.